Күршім ауданының Аманат ауылында амбулатория ашылды
Күршім ауданының 250 астам тұрғыны бар Аманат ауылында жаңа амбулатория пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауылдағы бұған дейінгі амбулаторияның ғимараты апатты жағдайда болған. Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жаңа амбулатория халық игілігіне беріліп отыр.
Медициналық амбулатория барлық қажетті техникалармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған. Амбулаторияның жобалық қуаты 250-ден астам адамы бар Аманат ауылының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін жеткілікті. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары басқа жаққа бармай-ақ медициналық қызметтердің көптеген түрлерін аталған амбулаторияда ала алады.