KZ
Өскемен
-8°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да ауыл туризмі түлей түседі

сурет редакция архивінен

24.05.2024, 11:34 204 Оразай Жеңісұлы

Шығыс өңірінде ауыл туризміне ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта маңызды жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде Коробиха, Зимовье, Поперечное секілді көрікті елді мекендердің тұрғындары саяхатшыларға қоналқы үйлерін жалға беріп, табыс табуда. Ауыл туризмінің түлеуі жаңа жұмыс орындарының құрылуына да жол ашады.

Жалпы, туризм саласы шағын және орта бизнестегі елуден астам қосалқы саланың дамуына ықпал етеді. Өткен жылы өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілері шығаратын өнім көлемі 28 пайызға өсті. Осыған сәйкес бюджетке түсетін түсім де 34 пайызға артып отыр.

 – Ауыл туризмі жергілікті тұрғындардың бастамасымен дамып келе жатқан сала деуге болады. Туристер үшін ең маңызды нәрсе – қонақжайлылық. Ауыл жұртшылығы осы қасиетімен туристерді тартып отыр, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Дегенмен аймақ басшысы жол-көлік инфрақұрылымының сапасын жақсартпай туристік саланы дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Алдағы уақытта жол, автотұрақ және жол бойында орналасқан нысандардағы санитарлық тазалық мәселесі назарға алынады.

Шығыс өңірінде қазір Бұқтырма жағалауы, Сібе көлдері, Окуньки мен Шыбындыкөлде жағажай демалысын, Риддер қаласы мен «Алтай альпісінде» қысқы демалысты дамыту басымдыққа ие. Ішкі және сыртқы туризмді қатар дамытуға мүмкіндік мол. Өңір билігі аймақтың табиғи әлеуетін және климаттық ерекшеліктерін пайдалана отырып, инфрақұрылымды жақсартуды көздеп отыр.

Сонымен қатар қоғамдық тамақтану және қонақ үй бизнесінің жетекші кәсіпкерлерінің қатысуымен технологиялық колледж базасында қонақжайлылық негіздерін оқыту бағдарламасы әзірленді. «Қызылтас тауына хайкинг», «Бүркітшілер фестивалі» секілді іс-шаралар да туризм саласын ширатуға септігін тигізеді.

2025 жылға қарай Катонқарағай ауданында TORRE компаниясының құны 8,3 млрд теңгеге барабар бес жұлдызды қонақ үйі бой көтереді.

– Облыстың табиғи әлеуетін және оның климаттық ерекшеліктерін пайдалана отырып, біз инфрақұрылымды жақсарту үшін жұмыс істейміз. 2023 жылы туристік салаға 12 млрд теңге салынды. Өсім – 15 пайыз. Биыл 18 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу