Жазғы лагерь: Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары түгел қамтылады
Фото: da-info.pro
Шығыс Қазақстанда биыл жазғы демалыспен және сауықтырумен 1-10 сыныптардың 93 519 оқушысын қамту жоспарланып отыр, бұл жүз пайызға жетеқабыл көрсеткіш.
Оның ішінде 9056 оқушы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, биыл өңірде 487 жазғы лагерь ұйымдастырылған, оның 13-і қала сыртында орналасқан. Қала сыртындағы лагерьлерде 8575 оқушы демалады.
Оның ішінде, «Жаздық жолдама» республикалық жобасы аясында ауылдық жерлерде орналасқан мектептердің 5-8 сыныптарындағы олимпиада, конкурс және жарыстардың 689 лауреаты мен жеңімпазы, оқу озаттары «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаражаты есебінен «Дарын» лагерінде демалады.
Жазғы уақыттағы тағы бір жаңалық – Самар ауданында әскери-спорттық лагерь ашылмақ. Мұнда дәстүрлі демалумен қатар лагерьдің бағдарламасына әскери-тактикалық ойындар, жорықтар, әскерилермен кездесулер мен спорттық жарыстар енгізілген.