Осы жазда 24 мың оқушы Шығыстың танымал жерлеріне барады
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Биыл ШҚО-ның 24 мыңнан астам оқушысы өңірдегі табиғи парктер мен тарихи-мәдени орындарға барады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мәлімдеді.
Жазғы каникул кезінде ұлттық табиғи парктер мен киелі жерлерге 24560 оқушы барады. Атап айтсақ, Катонқарағай ұлттық табиғи паркіне 2300, Риддердегі Батыс Алтай табиғи қорығына 6800, Қиын-Керіш шатқалына 3500, Ақбауыр археологиялық кешеніне 4700, Марья жартасына 2700, Берел қорғанына 120, Аблайкит бекінісіне 3240, Бұқтырма су қоймасына 200 оқушы аттанады. Тағы 750 бала экологиялық туризм жобаларына, 250 бала археологиялық мектептерге тартылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған 200 бала мен туристік жарыстардың жеңімпаздары үшін Бұқтырма су қоймасына теплоходпен біркүндік экскурсиялар ұйымдастырылады.
«Жаздық жолдама» республикалық жобасы аясында ауылдардағы 5-8 сыныптардың 689 оқушысы – оқу озаттары, олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Дарын» лагерінде «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен демалатын болады.
Сонымен қатар өңірдегі мектеп оқушыларының Алматы облысындағы «Бөбек» және «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында жыл бойы тегін демалуға мүмкіндіктері бар. Жыл басынан бері ол орталықтарда 156 бала демалды, желтоқсанға дейін тағы 277 оқушы барады.