KZ
Өскемен
+27°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, СБ
477.03 521.44 5.43

ШҚО-да туристік ақпараттық орталық ашылды

13.06.2024, 13:24 140 Қызырбек Дүргінбайұлы

Өңірді дамытудың бір тетігі – туризм. Осындай мақсатта Өскеменде туристік ақпараттық орталық ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңадан ашылған визит-орталық туристер мен өңір тұрғындарына облыстың табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері, сондай-ақ туристік маршруттар мен қызметтер туралы толық ақпарат беруге арналған. Ендігі кезекте біздің өлкемізбен тереңірек танысқысы келетін саяхатшылар алдымен аталған визит орталыққа ат басын тірейтін болады.

– Бұл ақпараттық орталықтың өңірдегі туризмді дамытуға қосар үлесі зор. Ендігі кезекте біздің өңірге келетін шетелдік және қазақстандық кез келген турист осы орталықтан толыққанды ақпарат алатын болады. Қайда, қалай, қай бағытпен, қанша уақытта баруға болатындығын және қай жерде демалыс орындары, емдеу орталықтары бар екендігі туралы ақпаратты осы орталық беріп отырады. Облыс аумағындағы барлық саяхат орындары, турфирмалар туралы ақпарат осында шоғырланған және барлығымен байланыста болады, – дейді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.

Сондай-ақ өңірдегі туристік орталықтар мен саяхат орындары туралы ақпарат парақтары әуежайда және вокзалдарда да орналастырылмақ. Осылай облыс аумағындағы туризмді дамытуға нақты қадам жасалып жатыр.

– Біз облыс орталығына ат басын тіреген кез келген туристке қызмет көрсететін боламыз. Тіпті, қажеттілік болса 24 сағат қызмет етуге дайынбыз. Бұл туристік орталықта өңірдегі барлық саяхат орындары мен демалыс орындары туралы ақпарат бар. Сондай-ақ мұнда өңіріміздің Алтай балы, панты сияқты брендтік өнімдері, қолөнер бұйымдары саудаланатын болады, – дейді облыстық туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Талғат Оразгелдіұлы

 Бұл орталық осылай Шығыстың туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

 – Мен туристерге арналған киімдер тігумен айналысамын. Енді осы жерде өз өнімдерімді сатуға мүмкіндік туып отыр. Мұндай орталықтың ашылғаны өте дұрыс болды. Себебі, кейбір туристер бұл өңірдің ауа райын білмейтіндіктен жеңіл киіммен келеді. Ондай жағдайда біздің тауға шығуға, саяхаттауға арналған киімдер дайын тұрады. Ақпараттық орталық жұмысының жандануына барынша үлесімізді қосамыз, – дейді «Altay outwear» брендін қалыптастырушы кәсіпкер Саят Бауыржанұлы.

Осылайша бүгін Өскеменде туристік ақпараттық орталықтық ашылу салтанаты өтіп, өңірге келетін саяхатшыларға төрін ұсынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив