KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Бұқтырмадағы көпір құрылысы жыл соңында аяқталады

18.06.2024, 09:00 147

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы 2021 жылы басталған. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аймақ тұрғындары елу жыл бойы күткен нысан жоспар бойынша биыл желтоқсан айында пайдалануға берілуге тиіс.

Төрт ауданды байланыстыратын нысанның стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор. Әрі бұл еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Нысан Бұқтырма арнасының ең тар тұсында салынып жатыр. Бұл – Құйған ауылының маңы. Соның өзінде көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады, ал ені 12 метрге жуықтайды. Көпірдің орта шенінде ірі су көліктеріне арналған екі өткел болады. Бұл тұста көпірдің биіктігі 18 метрге жетеді деп жоспарланып отыр. Сонда ені жетпіс бес метрге жуық кемелер еркін қатынай алатын көрінеді. Көпір құрылысы аяқталған соң жол жұмыстары басталмақ. Оң жағалаудағы 1,3 шақырым, сол жағалаудағы 17,2 шақырым қара жолға асфальт төселеді деп жобаланған.

– Көпір құрылысының 85 пайызы орындалған. Қазір бұрғылау, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Мұндай нысан елімізде алғаш рет салынып жатқандықтан өте мұқият болу керек, асығыстық танытуға боламайды. Қазір жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Осы қарқынмен жалғасса желтоқсан айында аяқталып, ел игілігіне берілетін болады, - деді «Облшығысжол» ЖШС директорының көпір құрылысы бойынша орынбасары Нигматулла Абдулхаков.

Жауапты мамандардың сөзінше, жұмысшылар да, техника да, қаражатта жеткілікті. Қазір 184 адам екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.

– Әр жұмысшы арнайы тапсырма бойынша жұмыс істейді. Әркімнің өз міндеті бар. Жауапты жұмыс болғандықтан барлығын бақылауда ұстауға тиіспіз, - деп қосты Нигматулла Абдулхаков.

Қазақстандағы ең ұзын жол айрығы болып саналатын көпірдің ұзындығы 1300 метрден асады, ал тіректері 40 метрден астам тереңдікке кетеді. Көпір қолданысқа берілген соң Күршім, Тарбағатай және Зайсан тұрғындары облыс орталығына емін-еркін қатынай алады. Өткел тәулігіне 20 мыңнан астам автомобильді қабылдауға қауқарлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу