Қаламы жүйрік журналистер марапатталды
Қазақстан Журналистер одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы еңбегімен көзге түсіп, елге қызмет етіп жүрген бірқанша журналисті марапаттады. Бұл салтанатты жиын БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханада ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Руханият ордасында өткен салиқалы басқосуға қалам ұстаған қауымнан аға буын өкілдер де, жалындаған жас тілшілер де тегіс жиылды.
Журналистер одағы облыстық филиалы ақылдастар алқасының шешімімен Шығыс Қазақстан облысындағы «Үздік баспасөз хатшы» аталымына Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің баспасөз қызметіне жетекшілік ететін Қарлығаш Қанатқызы ие болды. Ал «Үздік жас журналист» аталымына облыстық «Менің өлкем» газеті мен «Бұқара.кз» сайтының шығарушы редакторы Әділхан Есімханов лайық деп танылды.
Адамды ажал аузынан алып қалған бейбіт күннің батырлары да назардан тыс қалмады. Ондай ержүрек һәм жанашыр жандар биыл тұңғыш рет «Алтын медальмен» марапаттады. Бұл абыройлы марапат суға батып бара жатқан 13 жастағы баланы құтқарған Еламан Нұқышев есімді жерлесімізге табыс етілді.
Бұл күні Қазақстан Журналистері одағының қатарына бірқатар әріптесіміз қосылып, мүшелік билеттерін қолына алды. Олардың қатарында өңіріміздегі БАҚ саласында жемісті еңбек етіп жүрген тілшілер бар. Облыстық филиалдың төрағасы Мерей Қайнарұлы одақтың қатарын толықтырған ақпарат майданының «жауынгерлеріне» куәлік пен төсбелгілер табыстады.