Ескі Австриялық жолдағы көпір жөнделіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысындағы туризмнің төрі – Катонқарағай ауданы. Туристер көп баратын аудандағы көрікті жерлердің бірі ескі Австриялық жолда орналасқан көпір көктемде құлап қалған болатын. Аудан әкімшілігі туристік маусымның маңыздылығын ескеріп, құлаған көпірді жөндеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Алтайдың төрін түгел аралап шығу әрбір шетелдік турист пен қазақстандықтардың арманы. Сондықтан да құлаған көпірді тез арада жөндеудің маңызы зор.
– Ескі Австриялық жолда орналасқан көпірді жөндеу жұмыстары қолға алынды. Биылғы жылғы көктемгі селдің салдарынан көпір сынып, істен шыққан болатын. Негізінен бұл нысан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің балансында есепке алынған. Дегенмен аудан әкімшілігінің көмегімен және қаражатымен көпір алдағы уақытта жөнделеді, – делінген Катонқарағай ауданы әкімшілігінің әлеуметтік желідегі парақшасында.