KZ
Өскемен
-17°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
518.14 537.57 5.27

Риддерліктер қос мерекені қалай атап өтті?

9.07.2024, 17:37 200

Риддер қаласында Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Кенді шаһардың тұрғындары концерттік бағдарламаны бірге тамашалап, мерекені ерекше көңіл күймен атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Риддер әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев қала басшылығының атынан тұрғындарды құттықтап, жылы лебіз білдіре келе мұндай іс-шаралар ұлтты ұйыстырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтінін атап өтті.

Іс-шара барысында «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңіндегі жеңімпаздар марапатталды. Бұл байқаудың отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызы айрықша екенін айта кеткен жөн. Үздік деп танылған тоғыз отбасына марапат үлестіріліп, құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар бұл күні батыр аналарға «Күміс алқа», ал белсенді тұрғындар мен қаланың дамуына және өркендеуіне үлес қосқан БАҚ өкілдеріне қала әкімінің грамотасы, алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, облыстық филармонияның солистері және Риддер қаласы Мәдениет үйінің әртістері ойын-сауық көрігін одан сайын қыздыра түсіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Мерекелік іс-шара ұнады. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ерекше әсерге бөлендік. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еліміз өркендеп, қаламыз көркейе берсін! – деді Риддер тұрғыны Оксана Устиненко.

Сондай-ақ қала тұрғындары мәдениет үйінің фойесінде жергілікті шеберлер  жасаған бұйымдардың көрмесін тамашалады. Ал өлеңсүйер қауым риддерлік ақын, жазушы Галина Михайлинаның кітаптарын сатып алып жатты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу