KZ
Өскемен
+28°
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
474.57 513.63 5.53

Жүзден астам жоба жүзеге асырылады

Фото: редакция мұрағатынан

12.07.2024, 20:00 160 Ержан Әбіш

Биыл өңірдегі Жол жылы аясында атқарылатын жұмыстардың көлемі де, бөлінетін қаржысы да былтырғымен салыстырғанда екі есе артық. Барлығы жүзден астам жоба іске асырылады. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 600 шақырым облыстық, аудандық маңызға ие автокөлік жолы ретке келтірілмек.

Белгілі бір өңірдің ғана емес, тұтастай мемлекеттің дамуы жол-көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Демек Жол жылынан күтер үміт зор.

Шығыс Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырым автокөлік жолы жатыр. Осының 1,2 мың шақырымы республикалық маңызға ие және ол «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қарамағында. Одан бөлек 1,6 шақырым облыстық, 2,4 шақырым аудандық маңызға ие жол бар.

Биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге бөлінетін қаржы 31,5 млрд теңгеге дейін өсті. Былтыр бұл сома 20,4 млрд теңге мөлшерінде болған.

Атап айтсақ, биыл жолдар мен көпірлерді салуға және жаңартуға 3 млрд теңге (республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 0,7 млрд теңге), облыс жолдарын күтіп-ұстауға 6,2 млрд теңге, елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 22,3 млрд теңге бөлінді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша Жол жылы аясында өңірде жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгенің жүзден астам жобасы іске асыралады.

– Осы қаржыға шамамен 600 шақырым жол жөндеу көзделіп отыр. Оның ішінде 220 шақырымнан астамы облыстық, 150 шақырымнан астам аудандық маңызға ие жол болса, 100 шақырымнан астамы елді мекен ішіндегі көше жолдары. Бұған қоса «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында 80 шақырымнан астам жол, қалалар мен аудандардың бюджеті есебінен 29 шақырым жол ретке келтіріледі, – деп түсіндірген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев жол жөндеуде бірінші кезекте көлік ағыны көп трассаларға басымдық берілгенін атап өтті.

Қай жолдар жөнделеді?

Басқарма өкілінің айтуынша, ең алдымен көлік көп қатынайтын, сондай-ақ елді мекендерге кіре беріс жолдар және туристік демалыс орындарына апаратын бағыттар назарға алынған. Мәселен, жаз маусымында хан базардай қайнап жататын, туристер көп келетін Сібе көлдері, Сарыбел, Бұқтырма жағалауы қатарлы демалыс орындарына барар жолдың сапасы жақсы деп айтуға келмейді. Бұл жақтарға ат басын бұратын демалушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқанын ескерсек, қонақтардың діттеген жеріне шаршап, шалдықпай жетуіне жағдай туғызу өте маңызды. Осы орайда аталған демалыс аймақтарына апарар жолдардың сын көтермейтін учаскелеріне жөндеу өткізіледі. Атап айтқанда, Сарыбелге апаратын Өскемен – Тарғын – Самар бағытындағы трассаның Лайлы сайындағы (133-145 шақырым) учаске қалпына келтіріледі. 

Сол сияқты көлік ағыны жоғары Алтай ауданы аумағындағы Бұқтырманың жағалауына апаратын Октябрь айлағы – Алтайка – Новохайрузовка бағытындағы жолдың (10-25, 25-36 шақырымдары) учаскелері жөнделеді.  

Ал Сібе көліне келсек, Мамай батыр – Бозанбай трассасының 17-32 шақырым аралығына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Өскеменнен Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандарына апаратын жолдардың сапасына айтылар сын да көп. Бұ бағыттағы жолдар да назарға алынған.

Қалбатау-Майқапшағай трассасынан Зайсан және Тарбағатай аудандарының ауылдарына апаратын жолдардың жағдайы мәз емес. Аталған екі ауданның Ақжар, Қарасу, Шілікті ауылдарына қатынайтын жолдары да биыл жөнделеді.

Күршім ауданында Күршім ауылынан Марқакөл ауданының Қалжыр елді мекеніне дейінгі автожолдың бірнеше учаскесі (75-91, 91-106, 106-121 шақырымдары) қалпына келтіріледі. Былтыр бөлек аудан болып құрылып, тәй-тәй басқан Марқакөл үшін жолдың сапалы болуы әсте маңызды. Бұл өңір болашақта туризмді түлетіп, аудан экономикасының басты бағытына айналдыруды көздеп отыр. Тау басындағы Марқакөлді көргісі келетіндер елімізді қойып шетелден де табылады. Әсіресе, көрші Ресей мен Қытайдан келетін туристер жыл санап көбейіп келеді.

Сонымен қатар Шемонаиха қаласындағы Үбі өзені арқылы өтетін апатты көпірді жаңарту жобасы әзірлене бастады.

Жоғарыда атап өткендей, жалпы ұзындығы 600 шақырым жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша барлығы 110 жоба көзделген, оның 11-і – өтпелі, 99-ы – жаңа жоба.

Облыстық жолдарда 15 нысан бар, алтауы – ауыспалы, тоғызы – жаңа нысан. Бүгінге дейін 45 шақырым жолды жөндеу аяқталды. Олар – Шілікті – Зайсан жолының 12 шақырымы, Ақжар – Омбы-Майқапшағай (106-124 км) жолының 18 шақырымы, Үлкен Нарын – Күршім (23-38 км) жолының 15 шақырымы.

Аудандық жолдар мен көшелердің 380 шақырымын орташа жөндеу бойынша 95 жоба жоспарланған, оның бесеуі ауыспалы, 90-ы – жаңа жоба. Бүгінге дейін 30 шақырым жол жөнделген.

Өскеменде жоспарланған 35 шақырым жолдың 12 шақырымы, Самар ауданында 27 шақырым жолдың 3 шақырымы, Зайсан ауданында 26 шақырым жолдың 2 шақырымы, Алтай ауданында 14 шақырым жолдың 4 шақырымы жөнделді. Тарбағатай ауданында 54 шақырым, Катонқарағай ауданында 23 шақырым, Күршім ауданында 10 шақырым жол жөнделіп жатыр. Глубокое ауданында 28 шақырым жолды жөндеу бойынша 11 жоба жасалған, үш жоба аясында жөндеу басталды, қалғандары бойынша конкурс қорытындысы күтілуде. Шемонаиха ауданында 28 шақырымды, Ұлан ауданында 32 шақырымды жөндеу жоспарланған. Марқакөл мен Үлкен Нарын аудандарында үш жобадан бар, олар да конкурс нәтижелерін күтіп отыр.

Көлік кептелісі азаяды

Жол жылы аясында Өскеменде де бірқатар жобалар іске асырылады. Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында Жібек жолы, Базовая көшелері мен Сәтпаев, Есенберлин даңғылдары қиылысында үлкен жол айырығының құрылысы қолға алынған.

– Биыл айналма жолдың құрылысы аяқталады. Ал көпдеңгейлі эстакада қаржылық мүмкіндікке қарай салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер компания «R.B.Company» ЖШС атқарып жатыр, – деп нақтылаған Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ержан Ибраев осы маңдағы Базовая көшесі кеңейтіліп жатқанын жеткізді.

Ертіс көпірінің астынан өтіп Пермитин көшесі мен Славский жағалауын жалғайтын жолдың құрылысы да биыл аяқталады.

Өскемендегі Қазақстан көшесі, Жеңіс және Славский даңғылдары, Ертіс көпірі түйіскен тұста айрық жолдар салу, Виноградов көшесі тұсында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жобалау көзделуде.

Темір тұлпар тақымдаған жұрттың дені облыс орталығынан Риддерге, Шемонаиха мен Алтай аудандарына апаратын жолдардың нашарлығына шағымданады. Республикалық маңыздағы бұл трассаларды күтіп ұстау – «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының міндеті. Дегенмен ұлттық компания биыл аталған бағыттағы жолдардың ой-шұңқыры көп учаскелерін қалпына келтіруді жалғастырады. Жалпы, «ҚазАвтоЖол» компаниясы Шығыс Қазақстан аумағында биыл республикалық маңызға ие 200 шақырым жолға жөндеу жүргізеді. Оның ішінде Өскемен – Семей, Өскемен – Риддер, Өскемен – Шемонаиха, Өскемен – Алтай бағытындағы трассалар бар. Тиісті техникалық құжаттар әзірленіп, қаражат қарастырылған. Кейбір нысандар бойынша конкурс та жарияланып қойған көрінеді.

Жол жылында жүзеге асырылатын жүзден астам жобаның бір парасы осындай. Бұл жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын жауапты басқарма қатаң бақылауында ұстап отырады. Ол үшін облыстық басқарма мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен арнайы келісім жасалған. Соған сәйкес жол құрылысында қолданылатын материалдардың сапасы тексеріліп, технологиялардың сақталуы қатаң қадағаланып отырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив