Глубокое ауданында ең өсімтал, ең етті «дорпер» өсіріліп жатыр
Қазақстанда, оның ішінде Шығыс Қазақстанда дорпер қой тұқымын өсіру – болашағы зор және табысты кәсіп болмақ деп есептейді сала мамандары.
2021 жылдан бастап облыстағы бірнеше шаруашылық оңтүстік африкалық асыл тұқымды дорпер қой тұқымын өсіріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Глубокое ауданының Веселовка ауылындағы «Виситаев Р.Д» шаруа қожалығы асыл тұқымды дорпер қойын өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтың бірі. Қазір мұнда 50 бастан астам дорпер тұқымды саулық мал бар. Шаруашылық иесі қойлардың біздің облыстың климаттық жағдайына жақсы бейімделіп алғанын айтады. Бұл шаруашылық африкалық селекционерлер өсіріп шығарған қой тұқымын кезінде Алматы облысы жақтан сатып әкелген.
«Виситаев Р.Д» қожалығы өсімтал дорпер тұқымының төлін жыл сайын сатып, біраз бөлігін етке өткізуде.
Дорпер тұқымды қойларының өнімділігі жоғары әрі біздің жақтың климаттық жағдайына төзімді болғанымен, қой өсірушілер дорпер асыл тұқымды қойын өсіруге әзірге қызығушылық танытпай отырған көрінеді. Гәптің бәрі бағасында, қойдың қымбаттығында болып отыр екен. Төрт айлық таза қанды қозылардың бағасы шамамен жүз мың теңге және одан жоғары. Саулық қойдың бағасы 300 мың теңгенің үстінде. Етті бағыттағы жүнсіз қойдың салмағы 90-120 келіге дейін жетеді.
– Сонымен қатар, мұндай асыл тұқымды мал басын көбейтуге таза тұқымды дорпер қошқарларын сатушылардың аздығы да әсер етіп отыр. Дегенмен, қошқарлары жыл сайын өз облысымызға, көршілес облыстарға сатылып жатыр. Саулық қойлар 2 жылда 3 рет төлдейді, әр қойға орта есеппен 2 қозыдан келеді. Алдағы уақытта шаруашылық осы дорпер тұқымын көбейтпекші, – дейді Глубокое ауданы ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Мұхит Тұрашпаев.
Қазақстанда биылғы жылдың басында шаруашылықтардың барлық санатындағы қойлардың саны 19,7 млн басты құрады. Шығыс Қазақстан облысында қой саны 483,2 мың бас немесе еліміздегі жалпы мал басының 2,4% құраған.
Облыста асыл тұқымды қойлардың үш түрі өсіріледі, олардың саны 31 мың бастан асқан, асыл тұқымды қойлардың жалпы отар басындағы үлесі 6,3 пайызды құрап отыр.