KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

«Жасыл ел» жасағы ауданды абаттандыруға атсалысты – Катонқарағай

8.08.2024, 15:56 148

Катонқарағай ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағының кезекті ХХ маусымы 1 шілде – 1 тамыз аралығында өтті. Ақсу, Катонқарағай, Белқарағай, Коробиха, Аққайнар, Өрел ауылдық округтерінен жалпы саны 40 бала жұмыс істеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жоба аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қолға алынған болатын.

Жасыл ел сарбаздары бір ай уақыт ішінде аудан көлемінде өткен барлық акцияларға атсалысты. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық», «Қарттары бар ел – қазыналы ел» акциялары аясында Катонқарағай мен Аққайнар ауылдарында жалғызбасты қарттардың ауласын шөп пен қоқыстан тазалап берді. Апта сайын «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктерге де  тұрақты түрде қатысты. Мекемелердің маңындағы мүсіндерді сырлау, көгалдандыру да сарбаздардың мойнына жүктелді. Осы жұмыстардың барлығы аудандық жастар ресурстық орталығының бақылауымен жүзеге асты.

«Биыл «Жасыл ел» қатарына бірінші рет кірдім. Біз бір ай көлемінде ескерткіштердің маңын, көшелерді шөптен, қоқыстан тазалап, ауылымызды көркейтуге үлес қостық. Біздің артымыздан ерген жастарды, оқушыларды келер жылы осында еңбек етуге шақырамын», – дейді Аққайнар ауылы бойынша жоба қатысушысы Толғанай.

«Жасыл ел» еңбек жасағы кешенді бағдарламасы  елімізде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жобаға 16-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар ерікті түрде қатыса алады. 16-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, күніне 4 сағаттан аспайтын, денсаулығына зияны жоқ жеңіл жұмыстарға жұмылдырылады. Өтінім қабылдау мамыр айынан басталады. Бағдарлама бойынша жастар абаттандыру жұмыстарына, түрлі тақырыптық іс-шаралар мен экологиялық акцияларға қатысады. Оларға арнайы киім үлгісі мен қажетті құрал-жабдықтар береді.

Бұл жоба жастарды экологиялық тұрғыда сауатты болуға, табиғатты аяулауға шақырып, елімізді жасыл желекке айналдыруға үлес қосуды көздейді.  Сондай-ақ жастар үшін жазғы демалыстарын бос өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға да зор мүмкіндік береді.

Дана Әбдікәрім

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу