1 қазаннан бастап пойыз билеттері қымбаттайды
Фото: Қазақстан Теміржолы баспасөз қызметі
Күзде елімізде пойыз билеттері 20 пайызға қымбаттайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа тарифтер 1 қазаннан бастап күшіне енеді. Бағасы көтерілген билеттер осы күнге 45 күн бұрын, яғни тамыз айының ортасынан бастап сатыла бастайды.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қазір елімізде 14 теміржол тасымалдаушысы және 140 жолаушы бағыты жұмыс істейді. Тарифтердің көтерілуі оның 62-сіне әсер етеді.
Шенеуніктердің пікірінше, бағаның өзгеруі қызмет көрсету сапасына тікелей әсер етеді, өйткені соңғы 10 жылда инфляция деңгейіне индекстеуді қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар бағыттардың тарифтері өзгермеген.
«Мұның себебі - пойыздарда көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, сонымен қатар, теміржолшылардың еңбекақысын көтеру. Қазір біздің елімізде осы бағыттардың барлығында 2667 вагон жүреді, олардың тозу деңгейі айтарлықтай жоғары, 44% құрайды», - деп түсіндірді Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.
«Тальгоның» бағасы шамамен 19 493 теңге, стандартты пойыздарда купе құны 19 653 теңге, плацкарт орын 12 871 теңге болады. Қала маңындағы пойыздарға билет құны 6 314 теңгені құрайды.
Ұлттық тасымалдаушы ауа баптағышы жоқ вагондардағы билеттерге 20%-ға дейін жеңілдік жасамақ.