KZ
Өскемен
снег жел 2 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО: Облыс шаруашылықтары 5 % жеңілдікпен жаңа техникалар сатып алып жатыр

4.09.2024, 15:15 235 Жанаргүл Мұқатай

Асыраушы сала - ауыл шаруашылығындағы техника паркін жаңарту үшін мемлекет тарапынан арнайы құрылған қаржылық институт -«ҚазАгроҚаржы» АҚ облысымыздың шаруашылық құрылымдарына қолдау көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Мақсат Байгелдінің түсіндіргеніндей, «ҚазАгроҚаржы» АҚ «5% Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша шілде айынан бастап облыстың шаруашылықтарына, кәсіпкерлеріне ауыл шаруашылығы техникаларын 7 жылға  лизингпен несиеге беріп жатыр.   «5% Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдау жалғасып жатыр. «5% Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы елімізде өндіріліп, құрастырылған комбайн, трактор, маялағыш, тұқым сепкіш сияқты түрлі отандық ауыл шаруашылығы техникаларын қаржыландыруға бағытталған.

- Шілде айында отандық ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 100 млрд теңге бөлген болатын. Техникаларды облыстың барлық аудандарының шаруашылықтары сатып алып жатыр. Әсіресе, біздің облыста «Вектор», «АCROS» комбайндары, «Беларус-82» тракторы, шөп шапқыш техникалары шаруашылықтардың үлкен сұранысына ие болып отыр. Облыстың шаруашылықтары, кәсіпкерлер елімізде жеңілдікпен берілетін бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері 4 млрд теңгенің 106 бірлік техникасын сатып алды,- дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Мақсат Байгелді.

Глубокое ауданындағы «Семена масличных» ЖШС «5% Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша 200 млн теңгеден астам қаржыға Қазақстанда шығарылған «ТRION -730» комбайнын  сатып алып отыр. Аталған шаруашылық өздеріне қажетті техникаларды  жиырма жылдан астам уақыттан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ  арқылы лизингке, несиеге алып келеді. Шаруашылық жеңілдікпен беріліп жатқан несиеге осы уақытқа дейін 10 нан астам отандық ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған.

Егіншілікпен айналысып отырған Глубокое ауданындағы «Тамерлан и К» ЖШС өз елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы техникаларын «ҚазАгроҚаржы» АҚ  арқылы лизингке сатып алып, машина–комбайн паркін жыл сайын жаңарту үстінде. Шаруашылық жеңілдікпен берілген несие арқылы лизингке 700 млн теңгеден астам қаржының түрлі техникаларын сатып алған.

Прапорщикова ауылындағы Рустам Жамбосынов басқаратын «Тамерлан и К» қожалығының комбайншысы Дәулет Мұхаметқалиев өзі жүргізіп жүрген CLAAS TRION заманауи жаңа үлгідегі комбайны жұмыс істеуді жеңілдетіп, жұмыс  өнімділігін, астық жинау сапасын  арттырғанын айтады.

Жылдық 5%-бен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін тұтынушылар KazAgroFinance.bot (https://t.me/kaz_agro_finance_bot) атты телеграм боты арқылы өтініш қалдыруларына немесе Өскемендегі  «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалымен байланысуға болады.

Бұдан кейін, 5 күн ішінде барлық қажетті құжаттарды жинап, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жергілікті филиалына тапсыру керек. Филиалдардың байланыс телефондары компанияның  www.kaf.kz сайтында көрсетілген.

- «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы 16 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алдық. Осы қаржыландыру институтымен 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. 10 тонналық дән кептіргішті де «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдікпен сатып алып отырмыз. Ал, 30 тонналық ағылшындық дән кептіргішті өз қаражатымызға сатып әкеліп орнатып жатырмыз. Мықты техникасыз шаруашылықты дамыту мүмкін емес. Жақсы техника - жаңа техника дейді. Техникалық, технологиялық жағынан жан жақты жарақтандырылудың арқасында астығымыз бітік шығып, көңілдегідей нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Биыл астықтың түсімі де, сапасы өте жоғары болды. Клейковиналық ақуыздық глютені де аса жоғары, 24-28 пайызды құрап отыр. Еліміздің мемлекеттік тұқым реестрінде біздің күнбағыстың бір сорты мен төрт гибриді кіргізілген. Биылғы жылы зығыр дақылын аудандастырдық. «Азур» деп аталады. Өзімізді, нарықты сұранысқа ие ауыл шаруашылығы тұқымдарымен қамтамасыз ету үшін қара бидайды да өсіріп жатырмыз. Бүгінгі күні зығыр мен қара бидайдың бағасы жаздық бидайдан да асып түсіп отыр, - дейді «Семена масличных» шаруашылығының басшысы Людмила Цыбенко.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу