ШҚО шаруалары жыл басынан бері 100 трактор сатып алды
Фото: depositphotos.com
Президенттің ауыл шаруашылығы өнімін 2028 жылға дейін екі есе арттыру тапсырмасын орындау аясында ШҚО-да машина-трактор паркін жаңарту көрсеткішін биыл 5,5%-ға, ал 2030 жылға қарай 10%-ға жеткізу көзделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазір облыс шаруаларында 29 мың техника бар, оның 14 мыңы – трактор, 2 мыңы – комбайн.
Жыл басынан бері облыста 100-ге жуық трактор, 10 комбайн сатылып алынды, сондай-ақ 58 трактор мен 4 комбайн есептен шығарылды.
1 мамырдағы жағдай бойынша облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту – 2%. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 5,5%-ға жеткізу жоспарланған.
Облыс шаруалары техника мен жабдықтарды лизинг бағдарламасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан филиалы арқылы сатып ала алады.
Техниканы бастапқы жарнасыз сатып алу мүмкіндігі бар. Лизинг шарттары: аванс – 0%-дан, сыйақы мөлшерлемесі – 22,75% (6% субсидиялауды ескере отырып), лизинг мерзімі – 10 жылға дейін, қаржыландыру лимиті – 370 млн теңгеге дейін.
Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚ филиалына 224 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы лизингіне 4,2 млрд теңге берілді.
Сонымен қатар осы жылы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға 8,5 млрд теңге қарастырған.
Ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу бағыты бойынша 1 039,5 млрд теңгеге 105 өтінім субсидияланды. Басым ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын сатып алу бағыты бойынша 1 011,5 млрд теңгеге 63 өтінім субсидияланды.
Облыста ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын «Вираж», «АгромашхолдингКЗ», «Интерполе», «Астана Агропартнер», «Тандем-Агро» компаниялары және тағы басқалар сатады.