Облыс орталығының жылу жүйелері жаңартылып жатыр
Облыс орталығы Өскемендегі 213,5 мың адамды орталықтандырылған жылумен қамтып отырған «Шығыс Жылу» АҚ кәсіпорынның инвестициялық бағдарламаларындағы міндеттемелеріне сәйкес тозығы жеткен жылу желілерін жаңартып, жылу орталығының ескірген қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізіп, тиімділігін арттырып жатыр. Жөндеу жұмыстары сапалы, сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті объектілерді реконструкциялауға, жаңғыртуға және жаңартуға бағытталып бекітілген инвестициялық бағдарламаны орындаудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету және тарифтерден алынатын қаражатты мақсатты пайдалану туралы тұтынушыларды хабардар ету мақсатында «Шығыс Жылу» АҚ-ның нысандары бойынша баспасөз-турын өткізді.
Өскеменде «Шығыс жылу» АҚ арқылы мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық кәсіпорындарды қоса алғанда, жалпы аумағы 10 млн.шаршы метр алаң жылытылып отыр. Қала бойынша орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған ғимараттардың жалпы саны 6 854 бірлікті құрайды.
Қазіргі күні жылу жүйелері кәсіпорнының № 2 қазандығына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмысы 2024 жылдың 22 мамырында басталған, жұмыс кестесіне сәйкес алдағы қыркүйек айында аяқталады.
Аталған инвестициялық бағдарламаны іске асыру аясында қазіргі күні қаланың Б. Гагарин көшесіндегі 1975 жылдан бері жөндеу көрмеген жылу желісі учаскесінің жылу құбырлары да ауыстырылып жатыр. Осы учаскеде жөндеу жұмысы биылғы жылдың 6 тамызында басталып жұмыс кестесіне сәйкес ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде аяқталады. Жұмыстарды «СЕЛЬМОНТАЖ» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізіп жатыр. Б. Гагарин көшесіндегі жылу желісін ауыстыру тұтынушыларды сенімді және сапалы жылумен қамтамасыз етуге ықпал етіп, жылу желісіндегі жылу шығынын азайтады.
Қаланың Заводская көшесіндегі жылу желісі учаскесіне де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.