KZ
Өскемен
-10°
туман жел 1 м/с, ОБ
501.79 595.07 6.56

ШҚО-да 2027 жылға дейін 451 мыңнан астам ағаш көшеті егіледі

depositphotos.com

22.08.2025, 10:00 206 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында халықтың экологиялық мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлік жоспар негізінде үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар – экологиялық ойлау мен мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық білім беру және ақпараттық-ағартушылық жұмыстар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстағы ең ауқымды шаралардың бірі – жыл сайынғы «Таза Қазақстан» акциясы. Сонымен қатар өңір елді мекендерін көгалдандыруға да баса мән берілуде. ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес 2027 жылға дейін облыс аумағында 451 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі күнге дейін 155,4 мың ағаш егілді.

«Саябақтар шеруі – 2025» республикалық акция аясында Катонқарағай ұлттық паркі мен Марқакөл, Батыс Алтай қорықтарында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылды. Мектептерде экологиялық дәрістер, шеберлік сабақтары, көрмелер мен зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Жастар ұйымдары орман патрульдеріне қатысып, өртке қарсы іс-шараларға белсенді атсалысты.

Орман мекемелерінде 653 семинар мен дәріс өткізіліп, 2722 адам қамтылды. Жастар ұйымдарының қатысуымен 130 рейд ұйымдастырылып, 1 545 адам орман алқаптарында профилактикалық жұмыстарға тартылды. Су жағалаулары мен туристік аймақтарда өрттің алдын алу шаралары күшейтілді.

2024-2025 оқу жылында облыстың барлық мектептерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында экологиялық жобалар қолға алынған. «Түлектердің ағаш егуі», «Күзгі асар», «Таза өлке», «Құстарға қамқорлық» сияқты акциялар, сенбіліктер мен челлендждер ұйымдастырылды. Сонымен қатар барлық сыныптарда экологияға арналған сынып сағаттары, эссе байқаулары, сурет көрмелері өткізілуде. Жыл сайын орта буын оқушылары арасында «ProEco» жобалар байқауы өткізіледі.

ШҚО алдағы уақытта World Clean Up Day халықаралық экологиялық акциясына қатыспақ. Бұл шараға кемінде 10 мың адамды тарту жоспарланған. Іс-шараға мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ҮЕҰ және жергілікті қауымдастықтар қатысады.

Экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған мұндай бастамалар өңір тұрғындарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу