Өскеменде ант қабылдаған сарбаз сүйіктісіне сөз салды
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті. Абай, Алматы, Павлодар, Жетісу облыстарынан және Астана қаласынан шақыртылған екі жүзге жуық сарбаздың ант қабылдау рәсімі Өскемен қаласындағы әскери бөлімде өтті. Ұлттық ұлан сапына Алматы өңірінен шақыртылған Әлихан Балпық ант қабылдау рәсімінен кейін Өскемен қаласындағы сауда және ойын сауық кешендерінің бірінде сүйген қызына өмірлік жары болуға сөз салды. Қатардағы жауынгердің сүйіктісі көпшілік алдында «иә» деп жауап беріп, ұландықты әскерден келгенше тағатсыздана күтетінін айтты. Салтанатты іс-шараға қатысқан жас сарбаздар қаруласына қолдау танытса, романтикалық оқиғаға сүйсіне қараған қала тұрғындары қос ғашыққа жылы лебіздерін жолдады.
Айта кетейік, әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өткеретін жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Өскемен мен Шемонаиха қалаларындағы түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі