Зайсан қазаншұңқырында геологиялық барлау жүргізіледі
Шығыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасына экспортқа бағдарланған қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы түсті металдарды терең қайта өңдеу мен өндіру, тәжірибелік зерттеу мен технологияны әзірлеу жүйесін жаңғырту қолға алынды.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, біріншіден, алдағы уақытта негізінен геологиялық барлау жұмыстарын ұлғайтуға, геофизикалық іздестірулер жүргізуге басымдық берілмек.
Өңірде жыл басындағы жағдай бойынша табылған пайдалы қазбалардың тізімінде еліміз бойынша мыстың 38,2 %-ы, қорғасынның 21%-ы, мырыштың 36%-ы, алтынның 33%-ы, күмістің 32%-ы, титанның 11%-ы, цирконийдің 29%-ы, никельдің 9 және кобальттің 6%-ы шоғырланған.
Өткен жылы полиметалл және мыс кендерін өндірудің жалпы көлемі 50 млн. тоннаны, алтынды жыныс өндіру – 12 тоннаны құраған.
Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған тау-кен және металлургия өндірісінің тұрақты жұмысына арналған 46 резервтік кен орны бар. Алайда қазіргі қолданыстағы технологиялардың жанында аталған кен орындары негізінен тиімсіз болып табылады және 60-қа тарта кен ашылымдары әлі де зерттеу мен барлауды қажет етеді.
Даниал Ахметов атап көрсеткендей, 2025-2040 жылдарға қарай барлық ірі полиметалл, мыс және алтынды кен орындары өз мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Ал жаңадан ашылған кеніштер оларды толықтай алмастыра алмайды. Алайда бұл осымен облыстың ресурстық әлеуеті бітті дегенді білдірмейді. Шығыс Қазақстанның жер қойнауын заманауи ғылыми-теориялық тұрғыда зерттеу түсті, асыл, сирек және сирек металдардың жаңа кен орындарын табу мүмкіндігін растайды.
– Осыған байланысты біз сирек және сирек жер элементтеріне, мысты, алтынды, бейметалл және кең таралған пайдалы қазбаларға жататын Зайсан қазаншұңқыры аймағын дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. Мысалы, скандий, гафний, ниобий, иттрий үштотығы кен ашылымдарының қорын еліміз бойынша ең ірі кен орындарына жатқызуға болады. Сирек және сирек жер элементтерін өндіру мен қайта өңдеу бойынша ірі орталық құруға нақты мүмкіндік бар, – дейді аймақ басшысы.
Тереңдегі геологиялық зерттеулерді дамыту арқылы болашаққа қажетті дайындама қамтамасыз етілмек. Шикізат базасын кеңейту өз кезегінде экспортқа бағдарланған, жоғары құн қосылған өнім шығаратын кәсіпорын құру үшін қажетті жағдайлар туғызбақ.