ШҚО медициналық туризм бойынша қандай қызмет түрлерін ұсына алады?
Шығыс Қазақстанда қазір туризмді түрлі бағытта жан-жақты дамытып жатқаны белгілі. Оның ішінде биыл медициналық туризмге ерекше ден қойылды. Осы бағытта біздің облыста қандай медициналық қызмет түрлері ұсынылатыны жайлы Altaynews тілшісі хабарлайды.
Аймақтағы туристік медициналық қызметтерді ірі 10 емхана ұсынады: ШҚ облыстық ауруханасы, Облыстық мамандандырылған медициналық орталық, Ана мен бала орталығы, ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы, Семей қаласының ЖМЖА, Ядролық медицина және онкология орталығы, ШҚО оңалту орталығы, «Көз микрохирургиясы орталығы» ЖШС, Аягөз қаласының Орталық аудандық ауруханасы,Алтай қаласының Орталық аудандық ауруханасы.
Жыл сайын облыста 100-ге жуық шетелдік азаматтар мен еліміздің басқа аймақтарынан келген 300-ге жуық пациенттер жоспарға сай ем-шарадан өтеді. Олардың көбі Қытай, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мемлекеттері мен Алматы және Павлодар облыстарынан келген.
Облыстың медициналық мекемелері медициналық туризм аясында көрсетілетін қызметтің пакетін, амбулаториялық деңгейдегі тиімді Check– up, яғни кешенді медициналық диагностиканы белгіледі, сервистік палаталар ашылып, пациенттерге маршруттық логистика белгіленген.
Медициналық қызмет түрлері төмендегі бағыттар бойынша көрсетіледі:
1. Қан айналым жүйесінің аурулары: кардиохирургиялық және кардиоқызмет пакеті, эндоваскулярлы хирургия және интервенциялық кардиология. Бұл қызметтерді ШҚ облыстық ауруханасы, Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасы, ШҚО мамандандырылған медициналық орталығы көрсете алады.
2. Хирургия: хирургия, урология, гинекология бойынша жоғары мамандандырылған қызметтер (эндоскопиялық, роботтандырылған). Аталған қызмет түрлері ШҚ обыстық ауруханасында, Семе қ. ЖМЖА, ШҚО мамандандырылған медициналық орталығы, Ана мен бала орталығында көрсетіледі. Бұл мекемелерде бір күндік хирургия принциптері енгізілген.
3. Травматология: эндопротездеу, сложных күрделі политравмаларды емдеу, нейрохирургиялық қызметтер. Бұл қызмет пакетін ШҚ облыстық ауруханасында, Семей қ. ЖМЖА, ШҚО мамандандырылған медицианалық орталығы, Ана мен бала орталығында алуға болады.
4. Офтальмологиялық қызмет Көз микрохирургиясы орталығы мен ШҚ облыстық ауруханасында көрсетіледі.
5. Оңалту қызметтерінің пакеті – Облыстық оңалту орталығында.
6. Амбулаториялық деңгейдегі – ШҚ облыстық ауруханасында, Ана мен бала орталығында, Семей қ. ЖМЖА.
7. Болашақта онкология бойынша қызметтер пакеті енгізіліп, оған емдеу мен диагностиканың жоғары мамандандырылған әдістері, МРТ арқылы ультрадыбыспен инвазиялық емес абляция жасау, сәулелі емдеу және тағы да басқа заманауи емдеу әдістері кіреді.