Облыстық көпсалалы аурухана: бір апта тегін тексерілуге болады
шартты сурет
Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында жатыр мойны обыры туралы ақпараттану апталығы басталды.
Дәрігерлер тегін тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Іс-шара Дүниежүзілік жатыр мойны обырын хабардар ету апталығы аясында өтеді. Келушілер жатыр мойны скринингі, адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау, цитологиялық скрининг, жатыр мойны обырының факторлары мен белгілері туралы мәлімет алады.
Жатыр мойны обырының алдын алу үшін 30 жастан 70 жасқа дейінгі әр әйел онкогинеколог қарауынан өтуі тиіс. Сол себепті 28 қаңтарда аталған орталықта ашық есік күні өтеді. Осы күні кез келген жастағы әйел гинеколог қабылдауына келіп, тексеріле алады.
– Тексерілушіде қандай да бір диагнозға күдік болса, оны гинеколог-онколог қарап, кеңес береді. Сондай-ақ жамбас мүшелерінің ультрадыбыстық және МРТ зерттеуі, цитологиялық зерттеу сияқты тексерулер тегін жүргізіледі, – дейді орталық мамандары.
Іс-шара 29 қаңтарға дейін жалғасады.