KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
530.12 546.08 5.17

MРТ 3 Tesla аппараты диагностиканың жаңа түрін қолдануға мүмкіндік береді – бас онколог

28.03.2024, 18:56 171 Айна Ескенқызы

Қазіргі медицинада диагнозды дәл қою науқасты емдеу әдісін анықтауда шешуші рөл атқарады. MРТ 3 Tesla аппараты - бұл медициналық технологиядағы зор жетістік.

Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында бірнеше жыл бұрын орнатылған осындай құралдың көмегімен бүгінгі таңда ащы ішектің обырын анықтауға мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, ащы ішектің анатомиялық орналасуы оны диагностикалауда көп қиындық туғызады. Осы орайда MРТ 3 Tesla аппараты оны жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. 

- МРТ энтерография зерттеуі - бұл ащы ішектің күйін бағалауға мүмкіндік беретін жоғары нүктелі бейнелеу әдісі. Жалпы ащы ішектің қатерлі ісігі сирек кездесетін ауру, десек те жаңа технологияны енгізудің нәтижесінде оның қатерлі ісігін ғана емес, басқа да қабыну, қатерсіз ісік сияқты ауруларын анықтауға болады. Былтыр біз жиыны 11 зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде екі адамда ащы ішектің обыры расталды, тағы алты адамды ары қарай тексеруге жібердік, - дейді орталықтың сәулелі диагностика бөлімшесінің басшысы Малика Мырзағалиқызы.

Орталықтың бас директоры, облыстың штаттан тыс бас онкологы Гүлмира Сағидуллина  MРТ 3 Tesla аппараты өңірде диагностиканың жаңа түрлерін енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.

- Алдағы уақытта біздің клиникада осы аспаптың көмегімен басқа ешбір емдеу ұйымында жүргізілмейтін зерттеулерді жоспарлап отырмыз. Мысалы, іштегі ұрықты, жүректі тексереміз. Іштегі шаранада ауытқулар бар-жоғын анықтауға болады. Жалпы бұл аппарат бізге әртүрлі жаңа  технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, - деді облыстың штаттан тыс бас онкологы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу