Обырды анықтауда диагностиканың озық әдістерін қолданады - ШҚО (видео)
Колоректальды (тоқ ішектің) қатерлі ісіктің алдын алу және оны ерте анықтау өте маңызды. Өйткені обырдың бұл түрі Қазақстанда жетекші онкологиялық патологиялардың бірі болып қала береді.
Жыл сайын елде үш мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Диагноз негізінен 50 жастан асқан адамдарға қойылады. Әйелдерде қатерлі ісіктің бұл түрі ерлерге қарағанда біршама сирек кездеседі. 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында тоқ ішектің қатерлі ісігінің 245 жағдайы тіркелген, олардың 171-сі ерте сатысында анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық көпсалалы онкология және онкология орталығының жетекші онколог мамандары ішек қатерлі ісігі туралы хабардар болу айлығы аясында онкологиялық орталықта қолданылатын колоректальды обырды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері туралы айтып берді.
Тоқ ішек обырын анықтаудың алғашқы кезеңі – скринингтік тексеру кезінде пациенттер гемокульт-тест тапсырады. Егер оның нәтижесі оң болса, науқас одан әрі тексеруге жіберіледі. Ең алдымен, бұл - колоноскопия және биопсия. Алайда колоноскопия – аса жағымсыз процедура. Сол себепті кейбір пациенттер бұл зерттеуден үзілді-кесілді бас тартады екен, тіпті қолхат жазып беруге дейін барған. Қазір облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында колоноскопия ауыруды басатын препараттарды (седация) қолдана отырып жүргізіледі, яғни процедура пациенттер үшін әлдеқайда жеңіл өтеді. 2023 жылы өңірде колоноскопия әдісімен 947 зерттеу жүргізілсе, 46 пациент седативті препараттарды қолданған. 2023 жылдың 12 айында колоректальды қатерлі ісік скринингімен өңір тұрғындарының 96,1% қамтылды. 1148 адамның гемокульт-тестінде оң нәтиже байқалды, қатерлі ісіктің 32 жаңа жағдайы анықталды.
Онкологиялық орталықтың озық заманауи құралдармен жабдықталуымен қатар мұндағы мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше мән беріліп келеді. Орталықтағы 70 дәрігердің 51-і шетелде білімдерін жетілдірген.