Үржар әуежайының сметалық құжатын әзірлеуге 44 млн теңге бөлінді
Бұл туралы ШҚО облыстық мәслихатының кезектен тыс өткен он үшінші сессиясының күн тәртібінде айтылды, деп хабарлайды Айлтайньюс тілшісі.
ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың баяндамасына сүйенсек, шекаралық елдімекендердің инфрақұрылымын дамытуға және экономикалық потенциалын кеңейту мақсатына 74 млн. теңге жоспарланған.
Соның ішінде Үржар ауданы Үржар ауылындағы әуежайдың терминалын қайта құру жобасы бойынша сметалық құжаттамаларды әзірлеуге – 44 млн. теңге, аудандағы Алакөл көлінің жағалауындағы көшелерге орташа жөндеу жүргізуге – 30 млн. теңге бөлініп отыр.
Сессияда сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысының басқару сұлбасы туралы, облыстық Қоғамдық кеңестің құрамын бекіту, Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау, әкімдердің халықпен кездесулерінің 2022 жылға арналған икемді жылдық күнтізбесін келісу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы мәселелер қаралып, оларға қатысты тиісті шешімдер депутаттардың қолдауымен бекітілді.