KZ
Өскемен
-3°
ясно жел 1 м/с, Ю
443.35 475.54 4.82

Әлеуметтік қызметкерлер институты күшейеді - ШҚО

30.03.2023, 18:26 183 Мадина Амангелдіқызы

Шығыс Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, олардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда өңірімізде мүгедектігі бар 27,6 мың адам тұрып жатыр. Оның ішінде I топтағы 2,7 мың, II топтағы 11,6 мың, III топтағы 10,5 мың адам бар. Ал кемтар балалар – 2,8 мың, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

2021 жылдан бері жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту құралдарымен немесе қызметтермен қамтамасыз ету оларды дербес таңдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Айталық, протездік-ортопедиялық көмек бойынша келіп түскен 1037 өтініштің 45%-ы орындалса, сурдотехникалық құралдар бойынша 203 өтініштің 69%-ы шешімін тапқан. Тифлотехникалық құралдар бойынша 360 өтініштің 56,1%-ы, жүріп-тұру құралдары бойынша 169 өтініштің 71,6%-ы, санаторий-курорттық емдеу бойынша 551 өтініштің 6,2%-ы, жеке көмекшінің қызметіне қатысты 505 өтініштің 99,6%-ы, ымдау тілі маманының қызметіне қатысты 217 өтініштің 77,9%-ы, міндетті гигиеналық құралдар бойынша 1966 өтініштің 70%-ы орындалған.

– Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мұқтаждардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың 60%-ы қамтамасыз етілді. Жоспар – жыл соңына дейін 90%-ға жеткізу. Ол үшін 1,7 млрд. теңге бекітілді, – деп нақтылады басқармадан.

Кедергісіз орта құру үшін 2025 жылға дейін 721 нысанды жыл сайын біртіндеп жабдықтау көзделген. Айталық, былтыр 79,7 млн. теңгеге 147 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді. Ал биыл 51,5 млн. теңгеге 156 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарда тұр.

Сондай-ақ облыста жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдаумен айналысатын Инватакси қызметінің жеті автокөлігі жұмыс істейді. 2023 жылы бұл мақсатқа 30,1 млн. теңге бөлінді.

Балалары немесе мүгедектігі бар адамдар бар отбасыларына әлеуметтік қолдауды күшейту аясында әлеуметтік кодекс жобасында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толық трансформациялау көзделген.

Мүгедектігі бар адамдардың туыстары тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекшілер немесе әлеуметтік қызметкерлер ретінде ресімделетін болады. Әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары әзірленеді және жан басына шаққандағы норматив енгізіледі.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту қажет. Әлеуметтік жұмысқа біліктілік бойынша тәуелсіз бағалаудан өткен, сертификаты бар мамандар ғана жіберіледі. Мүгедектігі бар адамдарға мамандарды таңдау мүмкіндігін ұсыну үшін әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі қалыптастырылады. Ал әлеуметтік қызметкерлерге ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейі, санаты мен ерекшелігі ескеріле отырып еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілетін болады.

Облыс аумағында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 12 мекеме жұмыс істейді.

Медициналық әлеуметтік мекемелердің бюджеті жыл сайын ұлғая отырып биыл 6,9 млрд. теңгеге жетті. Былтыр 6 млрд. теңге болған.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үйде күтім жасау және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі жобаны іске асырудың бүкіл кезеңінде ҮЕҰ күштерімен өмірлік қиын жағдайға тап болған 16 мыңнан астам адамға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсетілді. Қазір облыста 422 адамды қамтитын, қаржыландыру көлемі 230,4 млн. теңгеге жететін осындай ұйымдардың саны – жетеу.

Инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық» бастамасы аясында Өскеменде былтырдан бастап аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты – мұқтаж балаларға психолог, логопед, дефектолог, ава-терапевт, сенсорлық интеграция мамандары, арт-терапевт, музыка жетекшілері, кәсіптік терапевт, еңбек терапиясы нұсқаушылары қатарлы көптеген маманның қызметін ұсыну

Орталықта жеке және топтық сабақтарға арналған кабинеттер жұмыс істейді. Мамандардың негізгі сабақтарымен қатар қосымша функционалдық кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, қыш, тігін, слесарлық шеберханалар, лего және роботты техника кабинеті, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеті, проекциялық кабинет, ЕДШ-нің екі залы, сенсорлық интеграция кабинеті, жұмсақ бөлме және басқалар.

Бұдан басқа облыста психоневрологиялық патологиясы бар, мүгедектігі бар балаларға және стационар мен жартылай стационар жағдайында тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған тағы бір орталық бар. Ол жерде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 143 бала кешенді оңалтудан өтеді. Балалар мекемеге жартылай стационар жағдайында және жыл бойы бара алады. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес балаларға мынадай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қызметтер.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін биыл өңірдің қалалары мен аудандарында 193 кәсіпорын мен ұйым квота бөлді, сөйтіп 526 жұмыс орнына квота белгіленді.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша облыс бойынша жұмыспен қамту орындарына 293 мүгедектігі бар адам жүгінген. Оның ішінде ұлттық жоба аясында 241 адамға тиісті шара қабылданып, 198 адам жұмысқа орналастырылған.

Business.enbek.kz порталы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан 43 адам өтті, оның ішінде 18 адам бизнес-идеяны іске асыруға 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант алуға өтінім берді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғаса береді және тұрақты бақылауда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив