KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Үй құстары қырылып қалған бесқарағайлықтарға толық өтемақы төленеді

11.12.2020, 17:19 183
Құс тұмауынан үй құстары қырылған башкөлдіктерге өтемақы толық төленді. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасы хабарлады. 

Елімізді шарпыған құс тұмауының бір ұшығы Шығыстың Бесқарағай ауданына тигені мәлім. Қауіпті індет Башкөл ауылының 6 жеке ауласында тіркеліп, ауруға шалдыққан 201 бас үй құсының көзі жойылды.

– Ауруға шалдыққан үй құстарының көзі ветеринариялық талаптарға сай мал қорымдарында жойылды, - дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов. – Бағып отырған құстары қырылған азаматтарға Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығына сәйкес, өтемақылар төленді. Биыл өтемақы республикалық бюджеттен қарастырылды. Қазіргі уақытта барлық өтемақылар толығымен төленіп болды. 

Басқарма басшысының айтуынша, түрлі аурулардан қырылған үй жануарлары мен құстарына төленетін өтемақы облыстың әр аудан, қаласында әртүрлі көрінеді. Осы себепті, Бесқарағайда індеттен қырылған жұмыртқа бағытындағы тауықтың әр басына 1520, ет бағытындағы тауыққа – 1942, күркетауыққа – 10 574, қазға – 7363, ал үйрекке – 4914 теңге мөлшерінде өтемақылар белгіленген екен. 

Қоса кетсек, ауыл шаруашылығы министрінің жоғарыда көрсетілген бұйрығына сәйкес, жануарлардың бірнеше түріне ортақ аурулар болып саналатын мелоидоз, құтыру, топалаң, аусыл, туляремия, бруцеллез, сондай-ақ, ірі қараның нодулярлық дерматиті, ірі қара обасы, қарасан, қатерлі ісік, кеміктәріздес энцефалопатия, жылқының маңқа, эпизоотиялық лимфангит, Африка обасы, ұсақ малдың созылмалы инфекциялары, түйе мен шошқаның обасы сияқты індеттен қырылған төрт түлікке өтемақы төленеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу