KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2,1 м/с, Ю
494.87 520.65 4.91

«Аягөз жаңалықтары» биыл тоқсан жасқа толып отыр

2.12.2020, 18:46 230

«Аягөз жаңалықтары» аудандық газеті биыл тоқсан жасқа толып отыр. Осы мерейтой қарсаңында ауданның бас басылымы жаңа белеске шыққан секілді. Аудан тынысымен жан-жақты құлағдар ететін газетте жаңа айдарлар ашылып, жаңа жобалар жасалды. Біз осы мерейтойда аудандық газеттің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген, басылымның басшылары болған ағаларымызды әрқашан құрметпен еске аламыз. Ғұмырын журналистика саласына арнаған, газетіміздің ең алғаш құрылған кездегі қаламгерлерінің бірі Бейсенғали Тәйкіманов еді.

Тәйкіманов Бейсенғали 1904 жылы 5 мамырда Жетісу губерниясы, Аягөз болысы, Көксала ауылында (қазіргі Айғыз ауылдық округі, Көксала ауылы) орта шаруа отбасында дүниеге келген. 1920 жылы отбасылары Сергиопольге (сол кездегі аудан орталығы) көшіп келген соң, сол жылы мектепке оқуға барады. Екі жылдан соң әке-шешесі бірдей обадан қайтыс болған соң, әкесінің ағасы Кәрібаев Шымырбайдың қолында тәрбиеленеді. 1926 жылы Бейсенғали Семейге келіп, алдымен ересектер мектебін, одан кейін Қазпедтехникумды оқып бітіреді.

Қалалық комсомол комитетінің ұйғаруымен ол 1931 жылы Семей қалалық партия комитетінің органы «Қызыл дала» газетінде аз уақыт қызмет етеді. Осы қызмет оны өмірлік таңдауы – журналистік жолға түсіреді.

1931 жылдың қыркүйек айынан 1933 жылдың қазан айына дейін Аягөз аудандық «Жаңа ауыл» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады. Одан кейін бір жылдай ағарту қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінде инспектор болады.

1934 – 1937 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, 1938 – 1940 жылдары Турксиб саяси бөлімінің органы «Теміржолшы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады.

Бейсенғали Тәйкіманов бір жылдан «Халық мұғалімі» журналында, «Жаңа жазу» газетінде, 1942 – 1943 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып жұмыс істейді.

1943 жылы ақпан айынан 1961 жылдың шілде айына дейінгі 18 жылдан артық уақыт Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің бас редакторы болып еңбек етеді.

1961 жылдың шілде айынан 1964 жылдың шілде айына дейін Шығыс Қазақстан облыстық біріккен «Коммунизм туы» және «Знамя коммунизма» (қазіргі «Дидар» және «Рудный Алтай») газеттерінің бас редакторы болып қызмет атқарып, сол 1964 жылдың шілде айынан Одақ дәрежесіндегі дербес зейнеткерлікке шыққан.

Қазақтың Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, Мәскеуден СОКП-ның жанындағы жоғарғы партия мектебін оқып бітірген. Екі мәрте Қазақстан Компартиясы съезіне делегат болған.

Тәйкіманов Бейсенғали кең байтақ Отанымыздың өсіп-өркнедеуіне, экономикасының нығаюына ұзақ жылдар бойы ерінбей еңбек етіп, аянбай тер төккен, өмірінің басқа да әр тарауындағы салаларында қажырлы еңбегімен мол үлес қосқан тұлға. Бейсекеңнің еңбегін елі дер кезінде бағалай білді. Атап айтар болсақ, екі мәрте, яғни, 1945 жылы 16 желтоқсанда және 1957 жылы 11 қаңтарда «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Кеңестер Одағы жоғарғы Советі Президиумының жарлығымен 1946 жылы 9 қаңтарда Ұлы Отан соғысының 1941-

1945 жылдардағы «Ерең еңбегі үшін» және басқа да көптеген медальдармен, Үкіметтің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. КСРО Журналистер Одағының мүшесі атағына ие болды.

1988 жылы қазақтың белгілі қаламгері Бейсенғали Тәйкіманов Қарағанды қаласында өмірден озды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу