Шығыста NEET жастар азайды. Олар кімдер?
Ағымдағы жыл басынан бері өңірдегі NЕЕТ жастардың, яғни не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, не біліктілігін арттырмайтын және оған талпынбайтын жастардың саны 2,8 пайызға азайды.Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мәлім етті.
Айта кетейік, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 15 жас кәсіпкерге грант бөлінген. Ал «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша 230 жас маманға көтерме ақы тағайындалған. Бұл мақсатқа 40,6 миллион теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, тұрғын үй алуға және салуға ниет білдірген 149 адамға бюджеттік несие берілген. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бүгінде облыс көлемінде жастар саясатын дамыту мақсатында 34 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы, NEET жастар деген кімдер? NEET – халықаралық аббревиатура. NEET – Not in Empoloyment, Education or Training, яғни не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не тренингке қатыспайтын жастар категориясы. Статистика 2018 жылдың екінші тоқсанында елімізде 300 мыңнан астам «NEET жастар» бар дейді. Бір қарағанда NEET жастар – қылмыскер емес, бұзақы емес, ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ, ештеңеге құлықсыз, бос жүрген жастар. Ал ақылға салып қарасақ, бұл – жағымсыз көрсеткіш. Себебі, бұл – әртүрлі қылмыс, бүлік, теріс діни ағымдарға тартылу, суицидке бару қаупі жоғары категория.
Брифинг барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит өңірде жастарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында түрлі шаралар қолға алынғанын атап көрсетті. Басты күш жастарға сапалы білім беруге және оларды лайықты жұмыспен қамтуға бағытталып отыр.
Өңірде 14 пен 28 жас аралығындағы 264 990 жас бар. Бұл облыс халқының 19,1 пайызын құрайды. Ал оларды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Еңбек», «Дипломмен - ауылға», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жастар тәжірибесі» атты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Брифингке қатысқан Әсем Нүсіпова осылай деді.
– Жыл басынан бері еңбекпен қамту мекемелеріне 4,5 мыңнан астам жас жүгінген. Оның 50 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Нәтижесінде оларға тиісті көмек көрсетілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Брифинг барысында облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова
өткен жылы облыста «Жас Проджект» жобасы аясында 265 миллион теңгенің 149 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл облыстағы NЕЕТ жастардың санын азайтуға септігін тигізген.
– Республика көлемінде ««JasA!», «Qorgau» және «Менторлықты дамыту» сынды жобалар қолға алынды. Түптеп келгенде, мұның бәрі жастардың болашағы үшін жасалуда, - дейді Арайлым Есімбекова.
Брифингте жасқызметкерлер қауымдастығының «JasA!» жобасының шағын гранттар бойынша маманы Жансая Ақанова«тасада қалған» кейінгі буын өкілдеріне қолдау көрсету мақсатындақолға алынған бұл жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.
– «JasA!» жобасына қатысушыларға грант шеңберінде конкурстық негізде ел жастарының урбанистік және креативтік бастамаларына қолдау көрсетіледі. Жоспарға сәйкес республика көлемінде 100 жоба жүзеге асырылады. Оған 660 жас тартылады, - деді Жансая Ақанова.
Айта кетейік, «JasA!» жобасына қатысу үшін jashome.org сайтына кіріп, 26 шілдеге дейін өтінім беру керек. Кейін қазылар алқасының шешімімен үздік бастамалар іріктеліп, идея авторларына қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал «Qorgau» жобасы аясында бес мыңнан астам адамға тегін заңгерлік кеңес беріледі. Бұл мақсатта өңірдегі жастар ресурстық орталықтарында 20 тәжірибелі заңгер жұмысқа алынады. Аталмыш жоба тамыз айының бірінен бастап күшіне енеді. Оған «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры қолдау көрсетеді.
– «Менторлықты дамыту» жобасының мақсаты – жастардың мамандық таңдауына көмектесу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, - деді Арайлым Есімбекова.
Брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Марина Мун сөз алып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қалай қатысуға болатыны туралы кеңінен түсіндіріп берді.
– Аталмыш бағдарламаның шартына сәйкес жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер кәсіп ашудың қыр-сырын меңгереді. Кейін оған қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады, - деді Марина Мун.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімі басшысының айтуынша, оқу барысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген материалдар, тәжірибелік жаттығулар, кейстер, нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік қызметті жүргізуде белгілі бір түсініктер мен біліктіліктерді жүйелеуге арналған іскерлік ойындарды қолдану арқылы жүргізіледі.
– Бұл бағдарламаға қатысып, несиеге қол жеткізу үшін кепілдікке қоятын дүние-мүлкіңіз болуы керек, - деді Марина Мун.
Бүгінде «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқыған жастарға 200 АЕК көлемінде грант тағайындалады. Бұл «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады.Оған NEET пен әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасыларда тәрбиеленген жастар мен еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандар ғана қатыса алады.
– Шілде айының 22-сінен бастап «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқыту жұмыстары басталады. Оған 1300 адам қатыса алады. Кейін 1277 адамға қайтарымсыз грант беріледі. Бұл құс, мал шаруашылығын дамытуға жұмсалуы тиіс, - деді Марина Мун.