KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

От орнын күзеткен неміс

2.05.2024, 14:07 5 566

Осыдан отыз жылдай бұрын Алтайдың арғы бетіндегі туып-өскен от орын мен ошақ басын қиып тастап, ағайын-туысты бастап атамекенге аяқ басқан заман-тын. Ол тұста Қазақ елі әлі тәуелсіздігін де алмаған. Бізге бұйырған бұйығы ауылдың құдайға тәубе, түтіні түзу. Дені қазақ, аздаған неміс-орысы бар.

Бір күні ферма бастығы қасыма тағы екі жігітті қосып «Ахмет қорада» қыстайтын Қайыс дейтін шопанның үй-жайын жөндеуге алып барды. Артымыздан іле-шала тас артқан трактор келіп жетті. Кузовқа шығып тас түсіріп тұр едім, желке жағымнан «Ассалаумағалайкүм, бауырлар, атамекенге қош келдіңдер» деген жып-жылы қоңыр үн ерке самалдың лебі көтерген үкінің үлпіліндей қалықтап естілді. «Уағалайкүмассалам». Жалт қарасам, ақайыл жиреннің үстінде шыбыртқысын сүйретіп, дала желіне тотыққан шегіркөз сап-сары «орыс» тұр. Мен сұлқ түстім. Ана жақтан завферманың «Бұл Қайыс аға ғой» деген үні естілді. Расын айтсам, ол күндері көп дүниеден хабарсыз едік. Басқасын былай қойғанда жетем деген құстың қанаты талатын құладүздегі мына ауылға орыс-неміс қайдан келді?

Артынан білдік, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Кеңес Одағының басшысы И.Сталин Еділдің ен бойын иемденіп, қос қапталын еміп жатқан ежелгі немістерді жылы ұясынан түп қопарып көшірген екен де, солардың бір тобы осы жерден пана тауыпты. Тіпті көбі әке-шешесі жоқ жетім балалар. Назар Ауғанбаев дейтін ұста ақсақал өзінің екі ұлына қосып үш жасар немістің баласын асырап алыпты. Оның құжаттағы «Гаинс Рудольф» дейтін атын өзгертіп «Қайыс Ауғанбаев» болдыра салған. Бізге «қош келдіңдер» деп ақайыл жиреннің үстінде жылы жымиып, мейірлене қарап тұрған осы Қайсекең екен. Арада көп уақыт өтеді. Қайыс үлкен азамат болады. Қызық болғанда Назар атамыздың ұлдары оқып-тоқыған соң ауылға оралмапты. Қызмет бабымен елден алыстап кеткен. Бірі Алматыда үлкен дәрігер, екіншісі шетелде елші дегендей...

Ақыры қара шаңырақта Қайыс қалып қойыпты. Нәкең шаңырақтағы ұлға қойшы Ахметтің оқымаған малсақ, қаражон қызы Дәмеліні алып береді. Қайсекең әуелі қайын атасы Ахметпен бірге ұзақ жыл қой бағып, ақсақал зейнетке шыққан соң оның қыстауын мұралап қалған. Біздің таспен жамап жүргеніміз осы қора. Назар ақсақал мен кемпірі екеуі орталықта тұрады. Қайыстың сап-сары ұл-қыздары ата-әжесінің қолында оқып жатты...

Бір күні ауыл дүрлікті. Тоқсаныншы жылдардың ортасы болатын. Екі жыл бұрын Назар мен кемпірі арасына алты ай салып дүниеден өткен-тін. «Германиядан Қайыстың ағасы іздеп келіпті». Ағасы інісін «Гаинс Рудольф» деп ұзақ іздеген екен. Інісінің Қайыс болып өзгеріп кеткенін қайдан білсін. Ақыры тапқан. Қызық болғанда Қайыс ағамыз не немісше, не орысша білмейді. Ақыры екі ағайынға ветврач Қабдеш аудармашы болған. Қайыстың ағасы Ресейдің бір түкпіріне айдалып барыпты (қасында екінші інісі бар). Одақ құлаған соң Германияға көшіп кетіпті. Кельн дейтін қалада тұрады екен. Ол мал соңында жүріп әбден тотығып кеткен інісіне жаны ашып, бір аптадай шаруасына көмектескен болып жүрді де кетіп қалды. Келесі жылы ағалы-інілі екеу болып келді. Олар жай келген жоқ, інісіне мал суару үшін құдықтан су тартатын мотор, су тазартатын құрылғы әкеліп орнатып берді...

Келесі жылы ағалары Қайысты бала-шағасымен Германияға көшіріп әкетті. Екі ортада ауданға барып көрмеген Дәмелі апамыз Еуропаның төрінен бірақ шықты...

Сол екі арада мен отбасымды алып ауылдан көшіп кеттім. Қалған туыстар әлі сонда тұрады. Бір жыл бұрын қайын апамның ұлы үйленетін болып, мұндағы ағайындар атынан өкіл ретінде мен баратын болдым ауылға. Қыстың қыраулы күні жол жүру де оңай емес, әупіріммен 1200 шақырым жолды басып ауылға жеттім. Ертеңінде той малын сойып жатқан жігіттердің арасынан Қайыс ағамыздың сары ұлын байқап қалдым. Бұлар әке-шешесімен бірге Германияға көшіп кеткен сияқты еді ғой...

Менің таңданып тұрғанымды аңғарған балдызым Кенже: «Е, бұлар Германияны тастап баяғыда қайта көшіп келіп алған» деді. Тойда Қайыс ағаны да көрдім. Қартайып еңкіш тартыпты. Бірақ әлі тың. Бір әредікте Қайсекеңнен «Германия жақпады ма, неге қайтып келдіңіз?» деп сұрадым. Қайыс ағамыз қалтасынан шылымын алып тұтатты, ауыл шетіндегі зиратқа ұзақ қарап, ойланып отырды да, «Сен әлгі жазушы жігіт емессің бе, ендеше саған шынымды айтайын. Германияға баруын бардым, бірақ ана зиратта жатқан Назар қарияны қиып кете алмадым... Жарықтық мені туған ұлдарынан кем көрген жоқ, қара шаңырағын сеніп тапсырды. Өзің ойлашы, шаңырақтың отын өшіріп мен қалай кетем. Одан да от орнымды күзетіп отырмаймын ба?! Одан кейін ұрпағым қазақ болмай қала ма деп қорықтым...».

Қайсекең бұлай жауап берер деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді... көзімнен жас шығып кетті. Ойпырым-ай, менің от орным қайда қалды?!

Бекен Қайратұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу