KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскеменде атақты қарт сыбызғышы Кәлек Құмақайұлымен кездесу өтеді

5.03.2021, 10:41 589

2021 жылы 6 наурызы күні сағат 11.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада сыбызғы өнерінің шырақшысы, көненің көзі, күй өнерінің абызы Кәлек Құмақайұлымен кездесу өтеді.

Сыбызғыны 8 жасынан үйрене бастаған Кәлек ата үшін бұл өнер жеті атасынан бері үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдіс. Әкесі Кұмақай да, Өтеміс, Делдал және тағы басқа арғы аталары да елге сыбызғышы ретінде мәлім болған. Әкесі Құмақай Шамғынұлы 1944 жылы Алтай қазақтарының көтерілісіне қатысып, Оспан батырды қолдауға әскер қатарына барады. Осы соғыста жүргенде ел-жұртын аңсап «Сағыныш» деген күй шығарады. Оспан батырдың ұйымдастыруымен өткен бір алқалы жиында Құрыш деген атақты сыбызғышымен күй сайысына түсіп, жеңіп шығады.

Баян Өлгий аймағының Тұлба ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген Кәлек Құмақайұлы ел арасындағы той-томалақтарда сыбызғы тартып, елге кең таныла бастайды. 1958 жылы жанадан ашылған аймақтық музыкалық драма театрына шақырылып, халық аспаптар оркестріне сыбызғышы болып орналасқан. Осы ұжымда қызмет атқара жүріп музыкалық білімін жетілдіре түседі. 1960 жылы Баян Өлгий аймағының 20, театрдың 10 жылдығына арналған өнер байқауларында өнер көрсетіп үлкен сахна төрінде халық қошеметіне бөленген.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында тұратын К. Құмақайұлы қазақ еліне жүзге тарта сыбызғы күйлерін жеткізіп, еліміздің мәдени қорына өзінің мол мұрасын қосты. Көпшілікке белгісіз күйлерді орындаумен қатар олардың шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді де жетік біледі. Қазақстанда тұңғыш рет сыбызғы күйлеріне арналған кітаптың шығуына қосқан үлесі өте зор. Жинақтағы аңыздар мен күйлердің барлығы дерлік сол кісінің айтуы, орындауы бойынша жазылып алынған және оған Кәлек күйшінің өзі шығарған «Арман», «Бақыт құшағында», «Шопан сазы» атты күйлері енген. Кәлек Құмақайұлы Моңғолияның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Шараға Алматыдан арнайы сыбызғышы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», өнертану ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Мұқышев Талғат Кәріпжанұлы қатыспақшы.

Кәлек Құмақайұлына «Күйшілер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған «Халық күйшісі» төсбелгісі табысталмақшы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу