Алакөлдегі өрт: 186 адам мен 29 техника жұмылдырылған
Үржар ауданындағы Алакөл жағасында бірнеше демалыс базасы өртеніп, 7 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Алдын ала есептелгендей, шамамен 3 мың шаршы метр аумақ отқа оранды.
- Қатты желдің кесірінен бір-біріне жалғанып салынған ағаш үйлерге өрт жылдам таралып, 4 бірдей демалыс орны бүлінді. Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, жергілікті органдар қызметкерлерінен 186 адам мен 29 техника жұмылдырылып, 5 сағат 40 минут ішінде алапат өрт ауыздықталды, - дейді Абай облысының ТЖД баспасөз қызметі.
Тілсіз жау салдарынан 7 адам зардап шегіп, медициналық көмек көрсетілген.
- Алакөлдегі өрт өшірілді, адамдар аман сияқты. Қып-қызыл жалын, қап-қара күйеге түсіп жүріп өртті ауыздықтаған сол жерде демалып жатқан жап-жас жігіттер. Қазақтың жігіттері жанында жарылып жатқан граната, жанып жатқан оттан қорықпайтына биыл екінші рет көзім жетті. Өрт өшті, жарық қосылды, - деп жазды оқиға орнында демалып жатқан Дарын Нұрсапар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі уақытта оқиға орнында оперативтік штаб жұмыс істеп, өрттің неден шыққанын анықтап жатыр.