ШҚО-да жеңіл көлік мұз астына түсіп кетті
Самар ауданындағы «Қызыл ту» мұз өткелінде ішінде 5 жолаушысы бар жеңіл көлік суға кетіп қалды.
Оқиға 6 жетоқсан күні сағат 19.00 шамасында Бұқтырма су қоймасында болған. Жүргізуші паромды күтпей, "Мерседес-Бенц" маркалы автокөлікпен мұздың үстімен жүріп өтпек болған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Алайда, жағадан 800 метр қашықтықта мұз жарылып, көлік суға кеткен. 4 жолаушы өз бетінше шығып үлгереді, ал 72 жастағы әйел суға батып кеткен.
Сондай-ақ оқиға болған жердегі мұздың қалыңдығы шамамен 15 сантиметрді құраған көрінеді. Ол жерде барлық тыйым салу белгілері орнатылған. Паромда белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.
ШҚО ТЖД қызметкерлері тұрғындарға төмендегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін тағы бір еске салады:
- Адамның мұзға шығуы үшін мұздың қалыңдығы - 10 сантиметр, жеңіл автокөліктің шығуы үшін – 30 сантиметр болуы керек;
- Қарағыда және тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде мұзға шығуға болмайды;
- Шықпас бұрын өткелдің орнын, мұздың қалыңдығы мен беріктігіне көз жеткізіп алу керек;
- Көліктің есіктерін ашық ұстаған жөн. Төтенше жағдай кезінде жолаушылар көліктен өз бетінше шығуға ыңғайлы болуы керек.
Төтенше жағдай кезінде бірден 112 нөмірі бойынша хабарласу керек.