Жыл басынан 11 әскери қызметші қайтыс болған
Шартты сурет
Елімізде жыл басынан бері 11 әскери қызметші қайтыс болған, ал 2020 жылдан бастап көз жұмған әскери қызметшілері саны 270-ке жеткен.
Бұл туралы Қазақстан Қарулы Күштері Бас әскери медициналық басқармасы бастығының орынбасары Берік Ілиясов айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
– 11 әскери қызметкердің жетеуі алған жарақатынан, ал төртеуі науқасына байланысты дүниеден өтті. Оның ішінде 2 мерзімді әскери қызметте болған сарбаздар бар. Оның бірі қаңтар айында парашютпен секіру кезінде, екіншісі онкологиялық ауру салдарынан қайтыс болған, – дейді Берік Ілиясов.
Ал Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев еліміздегі әскерилер арасындағы суицид мәселесіне қатысты түсінік беріп, 3 жылда 270 әскери қызметкер көз жұмғанын атап өтті.
– 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметші қайтыс болды: 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептеріне тоқталсақ, ауырып қайтыс болу – 36%, көлік апатының салдары – 24%, суицид – 20%, – деді Мақсат Қазиев.
Оқи отырыңыз