Пәтердегі өрттен екі адам құтқарылып, 25 тұрғын эвакуацияланды
Фото: ашық дереккөз
Өскемендегі өрт сөндірушілер пәтердегі өрт кезінде екі адамды құтқарып, тағы 25 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.
Бүгін Өскемен қаласында 9 қабатты үйдің 6 қабатында пәтер өртенді. ШҚО ТЖД қызметкерлері қою түтін басқан кіреберістен 17 ересек адам мен 8 баланы эвакуациялады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жанып жатқан пәтерден әйел мен ер адам құтқарылды. Күйік шалған ер адам қаланың медициналық мекемесіне жатқызылса, әйелді жедел жәрдем дәрігерлері тексеруден өткізді.
Абырой болғанда, ШҚО ТЖД қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында өрт көрші пәтерлерге таралған жоқ. Темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдалану өрттің шығуына себеп болғаны анықталды.
Өртті сөндіруге қала бөлімдерінің жеке құрамынан барлығы 13 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды.
ШҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауды еске салады. Темекі шегу әрдайым осындай салдарға әкеледі. Бықсып жанған темекі тұқылы біраз уақыттан кейін сөнеді, бірақ ол жану ошағына айналуы әбден мүмкін.
ШҚО ТЖД ескертеді:
- төсекте темекі шегуге жол бермеу, әсіресе мас күйінде;
- темекі тұқылдарын су құйылған қаңылтыр ыдысқа тастау керек. Лоджиядан немесе балконнан тұқылды лақтыруды әдетке айналдырмау;
- ашық отты қолдануда әрқашан абай болу.