ШҚО-да үш қызды құтқарған бозбаланың ерлігі елеусіз қалды
Ұлан ауданының тұрғыны Мейір Серікұлы үш қызды құтқарып, өз өмірін қиған. Бұл қайғылы оқиға осыдан бір жыл бұрын болған.
Сібе көлінде суға батып бара жатқан өрімдей үш қызды құтқарып, өзі қаза тапқан жігіттің ерлігі еленбей қалды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Егемен Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
Күні бүгінге дейін батыр ұлдың ата-анасы «біздің бала ерлік жасады» деп ешкімге тіс жармаған. Әкесі оқу орнына құжаттарын іздеп бармағанда, сол күйі айтылмай да қалуы мүмкін еді.
Қайғылы жағдай 2022 жылдың 13 маусымында болды. С.Аманжолов атындағы университеттің 3-курс студенті Мейір Серікұлы бір күн бұрын танысқан қыздың өтінішімен үш құрбыны Өскеменнен 50-60 шақырым жердегі Сібе көліне апарады. Сағат үштер шамасында қыздар көлдің терең жеріне кетіп қалса керек, тұншыға бастайды. Дәл осы сәтті жағадан бейнетаспаға түсіріп жатқан Мейір қалта телефонын тастай сала көмекке ұмтылған. Өкініштісі, үш қызды құтқарғанымен, өзі сол жерде өмірмен қош айтысады. Телефон камерасына оқиғаның шет жағасы түсіп те қалған екен.
Әкесінің ендігі тілегі – баласының ерлігі баспасөз бетінде қалып, соңынан ерген іні-қарындасының мақтанышы болса дейді. Оқу орны тарапынан да ерлігі ескеріліп, есімі студенттер арасында да айтылып жүрсе артықтық етпес еді.