KZ
Өскемен
-11°
туман жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да футбол турнирі өтті

4.10.2019, 05:41 179

Сәуірдің соңын ала басталатын футболдан облыстың және Өскемен қаласының біріншілігі аяқталуға жақын. Иә, кезекті маусым тамамдалып келеді. Енді ала жаздай ашық алаңда доп тепкен қырыққа жуық команданың нәтижелерін шығарып, жеңімпаздарды анықтайтын уақыт жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Жалпы, мұндай біріншіліктер өңірде алғаш рет өткізіліп жатқан жоқ. Жыл сайын екі кезеңге бөлініп өтетін чемпионатқа биыл қырыққа жуық команда қатысып, жүлдеге таласып жатқан жайы бар. Теңбіл доптың шеберлері бірінші кезеңді ашық аспан астында, жасыл алаңда ойнаса, екінші кезеңнің кездесулерін залда өткізеді. Сол себепті көп ұзамай алғашқы кезеңнің қорытындысы да шығарылады.

– Сәуір айында басталған футболдан және шағын футболдан облыс және қала біріншіліктері аяқталуға жақын. Осы орайда ардагер спортшылар мен қыздар арасында да турнирлер өткізіліп, жанкүйерлер тартысты ойындардың куәсі болғанын айта кету керек, - дейді Шығыс Қазақстан облысы Футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Әділханов. – Алты ай жасыл алаңда доп тепкен спортшылардың жетістіктері өткен аптада қорытындыланып, демалыс күндері жеңімпаз командаларға марапаттау жүргіздік. Бұдан бөлек, Өскемен қаласының біріншілігін де аяқтадық. Сондай-ақ облыс біріншілігінде жақсы өнер көрсеткен тоғыз команданың басын тағы бір қосуды ойластырып отырмыз. Оған Семейдің «Достар», «Фортуна» және «Динамо-Ерброк» командалары, өскемендік «Востокцветмет», «Имсталькон», глубокоелық «Глубокое» командалары шақырылса, аудандар бойынша бородулихалық «Бородулиха», зайсандық «Сайхан», үржарлық «Үржар» командалары шақырылды. Олар топтық кезеңде бірнеше тур өткізіп қойды. Бүгінде соңғы айналымға шыққан семейлік «Фортуна» мен Өскемен қаласының «Имсталькон» және «Востокцветмет» командаларының арасындағы абсолют чемпион қазан айының 12-сі күні анықталады.

Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты, оның ішінде футболды насихаттау мақсатында Қазақстан Футбол федерациясы 23-30 қыркүйек аралығында ел өңірлерінде бұқаралық футбол апталығын ұйымдастырды. Бұл шарадан Шығыс Қазақстан да қалыс қалмай өңірдегі спорт мектептерінің балаларын жинап спорттық шаралар өткізді. Осы шаралардың барысында жас ұрпақ түрлі дене жаттығуларын істеп, футбол ойнады.

Аталмыш шара негізінен ағымдағы жылдың басынан өңірдің 24 мектебінде оқытыла бастаған футбол сабағының жалғасы болып табылады. «Гол» бағдарламасы аясында қолға алынған жоба бойынша бүгінгі таңда 5-11-сыныптардың оқушылары оқып жатыр.

Оған қоса биыл еліміздің футбол федерациясы «Кока-кола» фирмасының былғары доптарын өңірдегі футбол сабағы жүргізілетін мектептерге таратуды жүзеге асыра бастады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу