Өскемендегі жарыс жеңімпаздары Неапольге барады
Өскеменде республикалық студенттік ойындар аясындағы жеңіл атлетика жарысы басталды. Екі күнге созылатын додаға еліміздің барлық өңірінің жоғары оқу орындарынан келген студенттер қатысуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кетейік, жарыс бірден үш жерде – қаладағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында, «Восток» стадионында, сонымен қатар «Олимпиец» спорт кешенінде өтуде.
Студент жастар диск, ядро, шарбалға мен найза лақтыру, үш қарғып және сырықпен секіру, 100, 200, 400, 800, 1 500, үш мың және бес мың метрге жүгіру, биіктікке, ұзындыққа секіру, 4х100 эстафетасы сияқты сайыстарда өзара мықтыны анықтайтын болады.
Осы ретте жарыс жеңімпаздары биылғы 3-14 шілде аралығында Италияның Неаполь қаласында өтетін 30-шы жазғы Универсиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болатынын айтқан жөн.