KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскемендіктер Азиада жүлдегерлерін қарсы алды

6.10.2023, 15:33 883 Ынтымақ Толқын

XIX Азия ойындарында жүлделі болған жеңіл атлеттерді жерлестері қуана қарсы алды. Шығыстың топырағынан шыққан спортшылар дүбірлі додада ел қоржынын бір күміс, екі қоламен толтырды.

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген жерлестеріміз елге оралды. Жеңіл атлиетикадан қола медальді қанжығаларына байлаған Риддерлік Ефим Тарасов пен Семей қаласының тумасы Надежда Дубовицкая жарыстан алған әсерлерімен бөлісіп, құрметпен қарсы алған жанкүйерлерге алғыс білдірді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

- Қытай елі әлемдік жарыстарды ұйымдастыруда озық тұр. Осы жарыс та өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс жолындағы жетістігім мен ойлағандай болмады. Дегенмен, жүлдеге іліктім. Алдағы жарыстарда жақсы нәтиже көрсету үшін мұндай додалардан сабақ алып, жіберген қателіктерімізді сабақтап аламыз. Бұл спортшылардың жеңіске деген жігерін жаниды, - дейді XIX Азия ойындарының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая.

Азия ойындарында байдарка мен каноэде есуден күміс медальді жеңіп алған Маргарита Торлопова да елге оралды.

- Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Еліме алтын медаль сыйласам деген едім. Алайда сәттілік жетіспеді. Бұл жүлде тек менің ғана еңбегім емес. Қасымдағы серігімнің де төккен тері бар. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетерімізге сенемін. Қытайлық спортшылар өте мықты. Дегенмен, алынбайтын асу жоқ қой. Алдағы жарыстарда олардан алтын алып қайтамыз деп ойлаймын, - дейді ол.

Айта кетелік, Қытайда өтіп жатқан XIX Азия ойындары 8 қазанға дейін жалғаспақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу