KZ
Өскемен
-7°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Жеңіл атлетика: Биыл да республикалық жарыстардың бәрі Өскеменде өтеді

8.01.2021, 14:35 297
Биылға жоспарланған жеңілатлетикадан жабық нысандардағы елішілік доданың түгелдей дерлігі Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы манежде өтпек. Оның ішіне әр жастағы спортшыларға арналған республикалық чемпионаттар мен Қазақстан кубогы да кіреді.

Бұл ретте, мұндай деңгейдегі жарыстар еліміздің шығысында соңғы рет ұйымдастырылуы мүмкін екенін де айтқан жөн. Себебі, өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында заманауи жеңіл атлетика аренасының құрылысы аяқталған болатын. Демек, Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы кешен спорттың осы бір түрі бойынша еліміздегі жалғыз жоғары деңгейдегі арена болудан қалды. Бұл уақыт өте келе республикалық жарыстың барлығы тек елордада өтетін болады деген сөз. Әрине, бұл қаржылық жағынан да тиімді болмақ. Алайда, дәл қазір Нұр-Сұлтандағы спорт нысаны елішілік жарыстарды қабылдауға дайын емес екен. Сол себепті, биылғы республикалық додалар да Өскеменде ұйымдастырылмақ.

Белгілі болғандай, бірінші болып жарыс жолына 18 жасқа дейінгі жеңілатлеттер шығуы тиіс. Аталмыш санаттағы спортшылар арасындағы ел біріншілігі 22-24 қаңтар аралығында өтеді деп жоспарлануда. Осыдан кейін, араға бір апта салып Ольга Рыпакованың жүлделері сарапқа салынатын дәстүрлі халықаралық турнир өтпек. Бұл дода 30 қаңтарда басталады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы жеңіл атлетика кешенінде 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионаты мен кубогы үшін жарыс (8-10 ақпан аралығы) және 30-шы ел біріншілігі (26-28 ақпан) өтеді деп күтілуде.
Ал бұл додаларды жанкүйерлер тамашалай ала ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Бәрі еліміз бен облысымыздағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дейді, мамандар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу