KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
529.7 545.96 5.17

ШҚО-да ауыл тұрғынын өлтірген шекара заставасының бастығына сот үкім шығарды

10.07.2019, 05:50 198

Бұл сұмдық оқиға Күршім ауданында «Балықтыбұлақ» заставасында 2018 жылы маусымның 22-нен 23-не қараған түнінде болған. Олжас Бақтынов есімді ауыл тұрғыны және тағы 5 адам шекара режимін бұзды деген айыппен ұсталған. Шекарашылар әкімшілік хаттама толтыру үшін оларды заставаға алып кетеді. Алайда қасындағы бес адам да белгісіз жағдайда шекарашылардан құтылып кетіп, олардың қолына Олжас қана түсіпті. Таңертең жігіттің отбасы оның сау тамтығы қалмаған мәйітін құшақтап, еңіреп қалған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Жуықта осы ауыр қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп, застава бастығына қатысты үкім шықты.

Анықталғандай, Олжасты заставаға алып келген соң көп ұзамай ол жерге заставаның бастығы Н. келген. Ол жігітті ұрып өлтірген. Сараптама қорытындысының нәтижесі бойынша, Олжастың екі қабырғасы сынып, өне-бойына 24 рет соққы тигені белгілі болып отыр. Ал оқиға орнында болған сарбаздар «ештеңе көрген жоқпыз» деп ат-тонып ала қашқан.

Марқұмның туыстарының айтуынша, тергеу амалдарын жүргізген полиция қызметкері істі сотқа жеткізбей, жауып тастаған. Туыстары қайта арыз жазып, Нұр-Сұлтан қаласына  барып келгеннен кейін тергеу қайта қозғалыпты. Бір жылға жуық жүргізілген тергеу амалдары аяқталған соң іс Өскемен гарнизоны әскери сотына жетті. Сотта застава басшысы Олжасқа бір рет қана жұдырық жұмсағанын айтып, кінәсін мойындамапты. Ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 451-бабы, 2-бөлігімен, 106-бабының 3-бөлігімен және 441-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып отыр. Айыпталушы өз жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Айта кетсек, әскери шендінің қолынан қаза тапқан Олжас Бақтыновтың жасы 30-дан енді асқан. Үйленіп, отау құрғанына да көп уақыт болмаған. Жұбайының аяғы ауыр еді. Тұтас бір отбасын асырап, туыстары мен дос-жарандарына қол ұшын беріп отырған азаматтың өмірін қыршыннан қиған, өз қызметін асыра пайдаланған қылмыскер не бары 10 жылға ғана сотталып отыр.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу