7 мың теңге үшін зейнеткерді соққыға жыққан - ШҚО
Күні кеше Риддер полиция бөлімінің «102» жедел арнасына қалалық аурухана медбикесінен Риддер қаласының 70 жастағы тұрғыны дене жарақаттарымен травматология бөліміне жүгінгені туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына тез арада жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің айтуына қарағанда,14 қаңтар күні шамамен кешкі 22:00 уақытында,оның үйіне бетперде киген белгісіз екі ер адам кіріп, денесіне зақым келтіріп, содан кейін 7000 теңге көлеміндегі ақшаны ұрлап кеткендігін жеткізді.
-Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Риддер қаласының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері,ШҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, 33 және 44 жастағы күдіктілерді ұстады.Қылмыскерлер өз кінәсін мойындады, -деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қылмыскерлер Риддер қаласының ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлімі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.