Өскеменде Зайсан ауданының мәдени күндері өтеді
Облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында Зайсан ауданының мәдени күндері өтеді.
15-16 қыркүйек күндері Өскемен қаласында түрлі мәдени және спорттық шаралар жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Зайсан ауданының мәдени күндері 15 қыркүйек күні басталады. Қала тұрғындары мен қонақтары ауданы өнерпаздарының «Туған ел - алтын бесігім» атты Гала концерті мен мерекелік отшашу тамашалай алады.
Сондай-ақ 15 қыркүйек күні сағат 18:30-да ауылшаруашылық және өнеркәсіп өнімдерін, қолөнер, зергерлік бұйымдар, балалар шығармашылығы мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі өтеді.
Ал 16 қыркүйекте сағат 08:00 - 14:00 аралығында әдеттегідей Fresh Market сауда орталығында сенбілік жәрмеңке өтіп, оның аясында қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеру және қой мен серке көтеру сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылмақ. Жәрмеңке қонақтарына палау, ыстық бауырсақ пен түрлі тәттілер тегін таратылады.
Одан өзге мәдени шаралар өткізу де жоспарланған. Мәселен, 16 қыркүйекте сағат 10:00 - 11:00 аралығында ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында Зайсан ауданының тумасы, балалар жазушысы, публицист, Халқаралық «Андерсон» сыйлығының иегері Марат Қабанбайдың 75 жылдық мерейтойына орай «Балалар әдебиетінің жарық жұлдызы» атты еске алу әдеби кеші мен шығармашылық көрмесі өтеді. Сағат 11:30 - 12:30 аралығында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қалибек Алтыбаевтың студенттерімен кездеу кеші мен Зайсан поэзия жастар театрының Абай тақырыбында қойылымы көрсетіледі.
Кешкі 16.00-де Арбат демалыс орнында аудандық өнерпаздар концерт қойып, қолөнер, балалар шығамашылығы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі, сурет көрмесі мен конкурсы өтеді. Сонымен қатар садақ ату, арқан тарту және қаппен картоп, ұн көтеру сайыстары ұйымдастырылып отыр.