Өскеменде қошқар көтеру сайысы өтеді
Фото: egemen.kz
9 қыркүйек күні Өскемен қаласында бірқатар шара өтеді. Ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі, концерт, қошқар көтеру, арқан тартыс, ләңгі сайысы ұйымдастырылады. Одан өзге бауырсақ, палау мен шай таратылады.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында Тарбағатай ауданының мәдени күні өтеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Таңғы сағат 07:00-де FreshMarket гастрономының алаңында ауылшаруашылық өнімдері ұсынылатын жәрмеңке басталып, 12:00-ге дейін жалғасады. Жәрмеңке аясында концерт ұйымдастырылады. Сонымен қатар қошқар көтеру сайысы ұйымдастырылып, жеңіске жеткен адамға ұтыс ретінде қошқар сыйға тартылады. Одан өзге, бауырсақ, палау мен шай тегін таратылады. Арқан тарту, ләңгі тебу, қол күрес сайысына ниет білдірген қала тұрғындары қатыса алады.
Ал сағат 10:00-12:00 аралығында Арбат алаңында балалар арасында асық ату, ләңгі тебу сайысы өтеді. Күй сайыс, домбыра кеші, ұлттық өнер кеші ұйымдастырылады. Балалар өнер мектебінде «Бояулар сыры» тақырыбында сурет көрмесі қойылады, сурет салу сабағы өтеді. Сағат 11:00-12:00 аралығында С.Аманжолов атындағы ШҚУ университетінің 5-оқу корпусында «Тарихқа толы Тарбағатай» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтеді. Одан өзге, Шәкәрім даңғылы, 1/2 мекенжайы бойынша орналасқан спорттық-сауықтыру кешенінде сағат 10:00-де ерлер арасында волейбол жарысы басталады. Ал Назарбаев даңғылы, 68 мекенжайы бойынша орналасқан Достық үйінде «Тарбағатай таңғажайыптары» атты сурет көрмесі мен шеберлік сыныбы өтеді. Шараның басталу уақыты – сағат 14:30-да. Ал сағат 15:00-де аталған мекемеде гала-концерт басталады. Концертке Тарбағатай ауданының өнерпаздары қатысады.