Аягөз қаласының 37 көшесінде су құбыры тартылады
Аягөз ауданы бойынша 50 елді мекеннің 45-і ауыз сумен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бүгінгі күні елді мекендердегі 30 мыңнан астам адамға орталықтандырылған ауыз су жүйесі қолжетімді болып отыр. Қазіргі таңда аталған бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда.
- Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 ауылдық округте, яғни Баршатас, Ақши ауылдық округтерінде су мұнарасының құрлысын салу жұмыстар іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 49,1 млн. теңгені құрайды. Ал, Мәдениет, Қосағаш, Бидайық ауылдық округтерінде топтық су құбыры желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның жалпы құны 24,1 млн.теңге, - делінген аудан әкімдігінің ақпаратында.
Сондай-ақ Айғыз, Ақшәулі, Ақшатау, Ақши, Мамырсу, Сарыарқа және Тарбағатай ауылдық округтерінде су құбырына арналған ұңғыма бұрғылауға 57,0 млн. теңге бөлініп, жұмыстар басталып кеткен көрінеді.
Әкімдіктегілердің айтуынша, қазір «Аягөз қаласында су құбырлары желісінің құрылысы» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Аягөз қаласының 37 көшесінде су құбыры желілерін салу мен құрлыстары іске асатын болады. Су құбырыларының жалпы ұзындығы 79,5 шақырым. Жұмыстар 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 12 шақырым ауыз су құбыры төселді. Осы жылы Аягөз қаласының тозығы жеткен 27 көшелерінің су құбырларын қайта жаңарту бойынша жобалық сметалық құжат әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар, Аягөз ауданының Малкелді ауылдық округі (Қорық ауылы) және Байқошқар ауылы мен Ақтоғай кентіндегі су құбыры желілерінің су тарту құрылыстары қолға алынған. Ақтоғай кентіндегі су құбырының ұзындығы 31,438 км құрайды. Нәтижесінде, жылпы 4000-ға жуық тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады.