Қазіргі уақытта облыс орталығында коммуналдық қызметкерлерде бар барлық техника, яғни тракторлар, грейделер және т.б толықтай қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылған.
Техниканың екінші бөлігі тротуарларды, серуендеу алаңдарын және жаяу жүргіншілер жолдарын тазартуда, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, көшелерді қардан тазарту үшін коммуналдық кәсіпорындардың барлық жеке құрамы да жұмылдырылған көрінеді. Аула сыпырушылар аялдама кешендерін қолмен күреп, сырыпып, тазалайды.
- Техникалар тоқтап қалмайды, тек жүргізушілер кезекпен ауысып желіге шығып отырады. Жеке құрам қызметкерлері де сондай режимде жұмыс істейді. Қалада қар кешеден бері жауып тұр, сонымен қатар бүгін таңертең сағат 10.00 шамасында бұрқасын жел соға бастады. Сондықтан, барлық техникаларды жұмылдырудамыз. Бірақ жеңіл көлік пен қоғамдық көліктерге кедергі келтірмеуі үшін ауыр техникаларды түнде шығармақпыз, - дейді «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК баспасөз қызметі.
Сондай-ақ коммуналдық қызметкерлер қаланың барлық көшелері кезең-кезеңімен қардан тазартылатынын атап өтті.
- Тұрғындар кейбір көшелердің тазаланбағанын айтып, әлеуметтік желіде жиі шағымданады. Барлық көшелер тазартылады, тек таулы аймақта тұратын аудандарда жел соғып, қолайсыздық туғызуы мүмкін. Мәселен, 19-шы шағын ауданда жел қатты соғады. Грейдерлер жүріп өтсе де, қатты жел салдарынан қайта қар алып қалады, - дейді жауапты мекеме.