Өскеменде өнеркәсіп шығындылары қысқартылып, ауа тазартылмақ
Алдағы уақытта облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар өндірісті жаңартпақ. Ол ауаның әлдеқайда тазаруына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ШҚО жұртшылығымен кездесуде айтты.
Оның айтуынша, "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасына ШҚО атынан "Қазмырыш" ЖШС мен "Өскемен ЖЭО"ЖШС кірген. Дәл осы жерде таяу жылдары өндіріс жаңартылады.
- "Қазмырыш" ЖШС қазіргі уақытта күкірт қышқылы өндірісін жаңғырту жобасына кірісіп кеткен. 2025 жылдың соңына дейін кәсіпорын күкірт диоксидінің шығарындыларын шамамен 20% - ға азайтуды жоспарлап отыр. "Өскемен ЖЭО" ЖШС екі қазандық агрегатында түтін газын тазарту жүйесінің күлтұтқыш қондырғысын қайта жаңартуды жүргізді. Бұл сондай - ақ ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Серікқали Брекешев.
Сондай-ақ, ол ШҚО экологиялық мәселелерін шешуде 35 іс-шара жоспарланғанын айтты. 2021 жылы аймақта қалаларда ауа сапасын бақылаудың тоғыз жаңа автоматты станциясы орнатылды. Сегізі Өскеменде, біреуі Шемонаихада қойылды.