ШҚО-да мал ұрлығы өршіп тұр
Жыл басынан бері облыс полицейлері мал ұрлаумен шұғылданған 14 қылмыстық топты құрықтапты.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, қылмыстың аталмыш түрі әсіресе Жарма, Ұлан мен Үржар аудандарында өршіп тұр. Жалпы алғанда, ұрылардың кесірінен жергілікті мал иелері 27 миллион теңге шығынға ұшыраған.
Тағы бір айта кетер жайт, қазір облыс аумағында мал ұрлығының алдын алу мақсатында 262 айып тұрағы жұмыс істеп тұр екен. Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, ағымдағы жылдың сегіз айында бұл тұрақтарға қараусыз жүрген 8 520 бас мал қамалыпты. Аталған фактілер бойынша екі мыңнан астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айту керек.