Күршімдегі Барақ батыр атындағы спорт кешені жөндеуден өтті
Аталмыш ғимаратқа биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 11 млн 355 мың теңге қаражат бөлініп, конкурс талаптарына сәйкес «Хаба-Проект» ЖШС 8 млн 736 мың теңгені ұтып алған болатын.
Спорт кешенінің директоры Ерназ Сырымбаевтың айтуынша, ғимараттың сырты, яғни 2 мың шаршы метр аумақ қаңылтыр металлопластикпен қапталған.
-Бұрын қараусыз жатқан ескі МТМ ғимараты болатын. 4 жыл бұрын жөндеуден өтіп, спорт кешені құрылды. Қазір мұнда спорттың 10 түрі бойынша 848 бала жаттығады, дейді Ерназ Сырымбаев.
Директордың айтуынша, спорт кешенінің спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталуы жақсы. Балалар алаңсыз спортпен айналысып жүр. Дегенмен ғимараттың ауқымы үлкен болғандықтан электр арқылы жылыту жүйесінің күші шаршы метрге бөлгенде сәл әлсіздеу.
Жуықта ғана аталған спорт мектебінің жас боксшылары Алматыда өткен республикалық жарыстарн жүлделі орындарды жеңіп әкелгенін де айта кетейік.