Шығысқазақстандық спортшылар екі бірдей додадан олжалы оралды
Шығысқазақстандық семсерлесушілер кезекті рет мықтылығын дәлелдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жерлестеріміз қатар өткен екі бірдей халықаралық додада тамаша өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көріне білді. Біздің спортшылар Швейцария мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жалауын желбіреткен байрақты бәсекелерде көзге түсті.
Дәлірек айтсақ, Кирилл Проходов пен Богдан Лукин Швейцарияның Базель қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогы үшін жарыста шпагамен семсерлесуден өткен командалық сайысқа қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды.
Дәл осы күндері БАӘ-нің Фуджейра қаласында семсерлесуден Әлем кубогы үшін жарыстың кезеңі өткен болатын. Бұл сынға ұлттық құрама сапында шығысқазақстандық Алина Искандерова мен Алена Гноева да қатысқан-ды. Және жерлестеріміз рапирамен семсерлесуден ұйымдастырылған сайыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынға көтеріліп, ел қоржынына қола медаль салды.
Нұржан Кенжеұлы