"Мотоциклдің артына түлкінің терісін байладық". Үржарда "Салбурын-2020" турнирі өтті
Үржар аудандық Жастар ресурстық орталығы үржарлық аңшылармен бірлесе отырып, Жоғарғы Егінсу ауылында қазақтың таза қанды тазыларының жылдамдығы мен алғырлығын айқындау мақсатында "Салбурын-2020" турнирін өткізді
Ауданда тұңғыш рет өткізілген жарысқа Жастар орталығының аң аулауға құмар мамандары мен тісқаққан аңшылары мұрындық болған. Жарысқа 27 ауылдық округтен барлығы 35-ке жуық тазылар қатысты. Басты мақсат - қазақтың аң аулау дәстүрін сақтап, өскелең ұрпаққа үлгі ретінде жыл сайын өткізіп отыру және таза қанды тазыларды өсіруді насихаттау.
- Алдымен тазылардың жылдамдығын анықтау үшін мотоциклдің артына түлкінің терісін байлап қойып, шамамен 1 километрге жуық жерге дейін ызғыттық. Өте қызықты болды. Қысқа қашықтыққа қысқа мерзімде жүгіртіп, тазылардың қанын қыздырдық. Артынан борсыққа, қоянға салдық. Әр тазының әлеуеті бөлек, қарымы жеткені мен бағы асқаны жеңді, - деді аңшы,
Жастар орталығының маманы Мадияр Дидарұлы. Оның айтуынша, қараша айындағы қансонар кезінде үлкен тартыс болмақ. Оған басқа аудандардың аңшылары да келіп қатыса алады.
- Тартыс өте қызықты өтті, - дейді аңшы Серік Құсайынов. - Барлық тазылар жүзіктің көзінен өткендей сұлу, желмен жарысқандай жылдам екен. Қазақтың тазы баптау әдісі керемет, бүгін соған тағы да куә болдық. Алдағы күндерде осындай турнирлер жиі өтіп тұрса екен. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды.